Түркістан облысы Қазығұрт ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметкерлеріне күш қолданған соң қызметінен босатылды. Заңгер Айгүл Орынбектің әлеуметтік желіге хабарлағанындай, "Киллер" лақап аты бар делінетін бастықтың орынбасары Алдабергенов қызметкерлерді кабинетіне кіргізіп ұрған және қорқытып ақша сұраған.
Әріптестерінің сөзінше, Алдабергенов жұмыс орнында әскери формамен емес, шолақ шалбар (шорты) және майкамен жүреді, мұны видеодан да байқауға болады.
Түркістан облысы Қазығұрт аудандық полиция бөлімі қызметтік тәртіпті бұзу туралы тексеру жүргізген.
"Комиссия қорытындысы бойынша, видеожазбадағы бастықтың орынбасары қызметінен босатылған. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 362-бабы "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қызметтік тәртіп пен заңдылықты нығайту, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жұмыстар жалғасады", - деп хабарлады Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы.