Конституциядан Тұңғыш Президент туралы нормалар алынғаннан кейін ол заң іс жүзінде күшін жойды. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдері министрден «Тұңғыш Президент туралы заң қашан күшін жояды?» деп сұраған еді.
«Заң Парламентке енгізілгеннен кейін қаралады. Оның қашан енгізілетінін айта алмаймын. Заң туралы бастама көтеретін үш субъекті бар: Президент немесе Үкімет не Парламент депутаттарының өздері. Қазір жұмыс жасап жатырмыз. Ол заңнан басқа да заңдар бар. Халықтың әл-ауқатын көтеру керек. Ең бірінші қаралатын мәселе сол ғой. Уақыты келгенде қабылдаймыз. Конституциядан Тұңғыш Президент туралы нормалар алынғаннан кейін ол заң іс жүзінде күшін жойды. Сондықтан оны формалды түрде күші жойылды деп қаулы қабылдау үшін заң дайындау керек», - деді ол.
Сонымен қатар Қанат Мусин Конституцияға енгізілген өзгерістер толық күшіне енгенін атап өтті.