2022 жыл ел тарихында ерекше орын алатын маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Өкінішке қарай, жыл басы – қаңтар айы халқымыздың жадында «қасіретті қаңтар» болып жазылды. Мемлекет басшысы сын сағатта халықпен бірге болып, дербес шешім қабылдай білді. Бірнеше күнге созылған тәртіпсіздіктер елімізге түбегейлі реформа қажет екенін аңғартты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді дамудың жаңа кезеңіне шығаратын бастамаларын жария етті, «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға шақырды.
Skifnews.kz ақпарат порталы президенттің биылғы жылғы маңызды бастамаларына, атқарылған жұмыстары мен елеулі реформалары жайлы шолу материал дайындады.
Халыққа тиесіліні қайтаратын кез жетті
Жыл басында Президенттің тапсырмасымен "Қазақстан халқына" қоғамдық-әлеуметтік қоры құрылды. Оған ірі компаниялар жыл сайын ақша аударатын болды. Қор басқа да көздерден қаржыландырылады.
"Елбасының арқасында елде табысы мол компаниялар мен тіпті халықаралық өлшем бойынша бай адамдар тобы пайда болды. Қазақстан халқына тиесіліні қайтарып, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесу уақыты келді деп санаймын ", - деді Тоқаев. "Қазақстан халқына" қоры президенттің, үкіметтің немесе қандай да бір мемлекеттік органның емес, халықтың қоры болатыны атап өтілді.
Капиталды елден шығаруға тосқауыл қойылды
Қазақстан капиталды елден негізсіз шығаратын тұлғаларды бақылауға алуды бастады. Сонымен қатар күмәнді транзакциялардың бәрі тексерілетін болды. Президенттің айтуынша, төтенше жағдай кезінде жекелеген тұлғалардың шотында белсенділік байқалған.
Отандық кәсіпкерлермен кездесу барысында мемлекет басшысы бизнесмендерге "Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз" деген қағидатқа жол берілмейтінін ескертті.
Жолдау: «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы»
16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жарияланды. Осы орайда Президент елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың бағдарламасын таныстырды.
Президенттің партияға мүшелігі тоқтатылды
Мемлекет басшысы халыққа жолдауында Президенттің партия мүшесі болуын заңды тұрғыдан тоқтатуды ұсынды.
«Мен Президенттің өкілеттік кезеңінде партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңнамалық түрде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекелестікті арттырады, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға тыйым салынды
«Біз «қасіретті қаңтардан» мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті
Осылайша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды.
«... Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді...»,-деген еді Мемлекет басшысы.
Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды
Мемлекет басшысының биылғы басты реформаларының бірі ретінде үш жаңа облыстың құрылуын айтуға болады. Жалпы ел экономикасының қарқынды дамуы үшін барлық аймақ бірдей дамуы тиіс. Сондықтан да Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жаңа облыс құруды ұсынды. Жаңа облыстардың құрылуы – көптің көкейінде жүрген мәселелердің бірі. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында үш жаңа облыс, атап айтқанда Семей өңірінде – Абай облысын, Жезқазған өңірінде – Ұлытау облысын, Алматы облысы өңірінде – Жетісу облысын құруды ұсынды.
Бұрынғы Алматы облысында халық санының көбеюіне байланысты өңір екіге бөлінді. Осылайша, Алматы облысының орталығы – Қонаев (бұрынғы Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді), Жетісу облысының орталығы – Талдырқорған болды.
Ал, 5 маусымда өткен бүкілхалықтық референдум еліміздің қоғамдық–саяси өмірінде 2022 жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі болғаны сөзсіз. Онда халқымыздың басым бөлігі Конституциямызға өзгерістер енгізуді жақтап дауыс берді.
Ұлттық құрылтай құрылды
Құрылтай – дала демократиясының дәстүрін жаңғыртып, Ұлытаудың ұлы миссиясын қайта жалғады. Ел бірлігін бекемдеп, Тәуелсіздігімізді нығайтуға негізделген басқосуда тіл мен жер, еліміздің демократиялық бағыттағы даму жоспары, мемлекетіміздің жаңа саяси кезеңдегі алға жасар қадамдары мен Жаңа Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясы талқыланды.
«Біз бабалар жолын ұстанып, құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізу туралы ұйғарым жасалды. Ұлы ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз осы. Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолында тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым» - деп Мемлекет басшысы оның мән-мазмұны мен құндылығын атап өтті.
1 қыркүйекте Парламент депутаттарының алдында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын жариялаған Президент: «Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Мен биылғы күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстан құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет», деп мәлімдеді.
Мемлекет басшысы 6 заңға жария түрде қол қойды
5 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа нәтижесінде әзірленіп, қабылданған алты заңға жария түрде қол қойды. «Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық» – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы¬ның кезектен тыс президент сайлауы өтті
2022 жылдың 20 қарашасында Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауы өтті. Бұл сайлаудың басты ерекшелігі - Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеп, оның қайта сайлануына тыйым салынуы еді.
Сонымен қатар бұл сайлау байқаушылардың көптігімен де ерек¬шеленгенін айта кету керек. Ресми статистикаға сенсек, сайлау күні жалпы дауыс беру барысын президенттікке кандидаттардың 11 мыңнан астам сенім білдірілген адамы, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мың байқаушысы, қоғамдық бірлестіктердің 30 мыңнан астам байқаушы бақылапты.
Шындығын айту керек, тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2022 жыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы болды. Әділетті Қазақстан құру жолында қаншама батыл қадамдар жасалды. Мамандар да Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басып келе жатқанын айтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған кешенді реформалар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Оған әрі Президент Тоқаевтың ел басқарудағы тәжірибесіне ел де толықтай куә деуге болады. Талай сынақты сәттерде елмен бірге екенін көрсетіп келеді. Ал ендігі белес келер жылдың еншісінде қалсын.