05.01.2023, 11:00

Қаңтар оқиғасы кезінде басшыларға жұмыс орнын тастап кету туралы бұйрықты Мәсімовтің өзі берген

Фото: Ulysmedia
Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді.

Бұл туралы Мәжіліс отырысында Бас прокурор Берік Асылов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Аумақтық күштік органдар басшыларының билікті асыра пайдалануы туралы фактілерге жеке тоқталғым келеді. Жаппай тәртіпсіздіктер шегіне жеткен кезде Алматы қаласы, Алматы облысы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамының барлығы өз ғимараттарын тастап кеткен. Тергеу мәліметі бойынша, 5 қаңтарда жеке құрамды ғимараттан кетуге дайын болу қажеттілігі туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Садықұловтың нұсқауы келіп түскен», - деді Берік Асылов.

Бас прокурордың айтуынша, Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттері өз ғимараттарын тастап кеткен.

«Турасын айтқанда, осы басшылар әлсіздік танытты. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақтылы қабылданбаған. Осының салдарынан Алматы мен Талдықорған 2 күн бойы қарулы содырлардың билігінде болды. Олар қару-жарақтың үлкен арсеналы – 3 мыңға жуық автомат, пистолет, снайперлік винтовка және он мыңдай оқ-дәріні тонап кетті. Яғни, осы басшылардың кесірінен ең қауіпті атыс қарулары бүлікшілердің қолына түсті. Әлі күнге дейін 2 мыңға жуық қарудың қайда екені белгісіз», - деді ол.

Еске сала кетейік, өткен аптада мәжілісмендер қаңтар оқиғасына қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары жауап беруін талап еткен болатын.