15.01.2023, 15:35

«ЛГБТ жымысқы жұмысын балабақшадан, мектептен бастап дәріптеп жатыр» - Тұрар Саттарқызы

Кешегі лифтідегі оқиға бұл қоғамның іріңді дертінің бір көрінісі ғана. Өкініштісі, мұндайлар қазақ қоғамында жетерлік.

Екі күн болды әлеужелі “күйіп” тұр. Басты тақырып - лифтіде сүйіскен екі қызтекелер. Жерден алып, жерге салып жатыр. Даттағандар көп, бірақ ақтағандарды көріп, шок болдым.

Әдеттегідей шу ғой, бір-екі күннен кейін мұның да “қызығы” басылады, халық назары басқа нәрсеге ауады.

Мұны халық назарын сенат сайлауынан аудару үшін әдейі жасалды дейді біреулер. 

Қалай болғанда да, тапсырмамен жасалса да, шын болса да, дұрыс нәрсе емес, барып тұрған азғындықты дәріптеу. Ең қорқыныштысы, шулап-шулап қоямыз. Айтарым, мұндай азғындық бүгін ғана пайда болған жоқ.  Бұл қоғам дертінің бір түрі ғана.

Біздің қоғам баяғыдан-ақ ауыр рухани ауруға ұшыраған. Несіне шулаймыз? 

Егер кеселдің алдын алу үшін ешнәрсе жасамасақ, ұлт болып ұйысуды ойламасақ, ұлт құндылығын менсінбесек, ұлттық тәрбиені өзектен тепсек, нағыз қазақ болудан қорықсақ?!

Біздің баяғыдан рухани дағдарысқа ұшырағанымызды, бабалар аманатын сақтай алмай, ұлт құндылығынан жоғалтқанымызды мойындауымыз керек. 30 жыл бойы жемқорлық, жағымпаздық жайлаған, ұлттық рухтан жұрдай болған қоғамның жарасы әбден іріңдеп, қазір әбден иістеніп “сасып” жатыр.

Телеарналар талай жыл жастардың санасын ұятсыз токшоулармен улап, сайқымазақ шоумендерді, фонограмма жұлдыздарын дәріптеп, тәрбиелік мәні жоқ, бағдарламаларымен рейтинг, жұлдыз қуып кетсе, бұл кесел асқынбай қайтсін?!

Небір гендер пати, хэллуин, цветной вечеринка сияқты шеттің қаңсығын, сасығын, басқа ұлт емес, өз қазағым таңсық көріп, улап-шулап тойлап жатса, бұл ауру тарамай қайтсін?!

ЛГБТ жымысқы жұмысын балабақшадан, мектептен бастап дәріптеп, солардың жалауы түстес ойыншықтарды - хаги-ваги және басқаларын насихаттап, мектептерде ұлды қыз, қызды ұл етіп киіндіретін, “день наоборот”, “ночь на день” деген мерекелік шаралар жүргізіп, ұлдар қыздың көйлегін киіп, боянса, қыздар ұлдың кейпіне түссе, осындай ЛГБТ айла-амалдарының мән-мағынасын түсінбеген кейбір мұғалімдер “еш нәрсе етпейді, бұл жәй ойын ғой” деп тұрса, бұл кесел әрине “іріңдейді”.

Ар-ұят, обал, сауап дегенді бәрінен биік қоятын қазағым бүгінде бұл қасиетті ұғымдардан “ұялатын” болды. 

Тіпті ұят сөзін қор санап, кейбіреулер “ұятмены” деп күлетін болды. Ең масқарасы, елімізде адамның миына кірмейтін нәрселер жасалды, ол әлі де жалғасуда. Негізгі мақсаты - ұрпаққа білім беру, тәрбиелеу болып саналатын білім ошақтарында “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы штабтар” құрылып, жемқорлықпен күресеміз.

Бұдан асқан қандай сорақылық бар?! Білім, тәрбие, жемқорлық -үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүниелер емес пе?! Ашына айтсам, ұрпағымыздың тамырына өз қолымызбен балта шауып келдік, әлі де жалғастырып жатырмыз.

Кешегі лифтідегі оқиға бұл қоғамның іріңді дертінің бір көрінісі ғана. Өкініштісі, мұндайлар қазақ қоғамында жетерлік.

Жарайды, лифтідегі оқиғаны талқылап, жаңағы екі “жігіт” жайлы жаздық.  Боқтадық, балағаттадық. Бірақ содан олар азай ма? Ол біздің көргеніміз, ал көрмегеніміз қаншама?

Небір көргенсіз, арсыз әрекеттер, сорақылық жағдайлар жетіп артылады. Ұлт болашағына алаңдасақ, Ұлттық идеология керек! Тіпті бірнеше жылдан бері айтып келемін, Отбасы және тәрбие министрлігін құру керек!

Тарихшы, этнолог Тұрар Саттарқызының facebook парақшасынан