$ 494.87  520.65  4.91

AMANAT партиясы Мәжіліс сайлауы алдында мәлімдеме жасады

Бұл сайлау – жаңа демократиялық дәстүрлер қалыптастыруға мұрындық болады.

Мемлекет басшысы 19 наурызға Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындағаны белгілі. Осыған байланысты «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов үндеу жариялады. 

Қошановтың айтуынша, Мәжіліс сайлауын өткізу шешімі қоғам үшін де, елдегі саяси күштер үшін де күтпеген жағдай емес. Себебі, Президент былтыр қыркүйекте сайлау күнтізбесін алдын ала, яғни ашық жария еткен болатын.

«Бұл – елдегі конституциялық реформалардың заңды жалғасы. Сондықтан, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының бұл шешімін толық қолдайтынын мәлімдейді. Бұл сайлау – жаңа демократиялық дәстүрлер қалыптастыруға мұрындық болады. Еліміздің әрбір азаматы осы саяси науқанның жүгі мен жауапкершілігін терең сезінуі керек. Себебі, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақты дамуы үшін, халқымыздың бейбіт өмірі мен бақуатты тұрмысы үшін бәріміз жауаптымыз», - деп мәлімдеді партия төрағасы.

Сондай-ақ, ол «AMANAT» партиясы сайлауға тас-түйін дайын екендігін мәлім етті.

«AMANAT» партиясы – еліміздегі байыпты бастамалардың, оң өзгерістердің басты қозғаушы күші. Біз жалаң ұран, құрғақ уәде емес, нақты істермен айналысып келеміз. Оған – халық куә! Сондықтан, біз алдағы сайлаудың ұлтты ұйыстыратын, елді біріктіретін саяси науқан болғанын қалаймыз. Мемлекеттің мүддесі, елдің болашағы жолында жақтастарымызбен де, сыншыларымызбен де қоян-қолтық, конструктивті жұмыс істеуге дайынбыз. Барлық қазақстандықтарды алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырамыз», - дейді Е. Қошанов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары