$ 443.35  475.54  4.82

«Қазақ өмірге несие төлеу үшін келген жоқ»: Белгілі кәсіпкер еліміздегі ипотека жүйесін сынға алды

Адамдар материалдық жағдай жасалмағандықтан, көптеген отбасы ажырасып тынып жатыр.
фото: baq.kz
фото: baq.kz

Белгілі кәсіпкер, меценат, "Asyl аdam" қорының негізін қалаушы Көңілбай Шүкенов Қазақстандағы төмен пайыздық несиемен берілетін тұрғын-үй бағдарламаларын сынға алды. Айтуынша, қазіргі таңда аталған бағдарламалармен үй алу үшін, жас отбасылар ажырасуға мәжбүр болған.

Caravan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген кәсіпкер, елімізде жалпы көп балалы отбасыларға жағдай жасалуы тиіс екенін айтады.

Кәсіпкердің сөзінше, Қазақстанда төмен пайызбен пәтер алу үшін, қазіргі таңда ерлі-зайыптылар миға қонымсыз әрекеттерге барып, түрлі ұзын-сонар құжат жасатуға мәжбүр болған. Мұндай бағдарламаны ойлап тапқан адамдарды, меценат тіпті "халық жауы" деп атау қажеттігін кесіп айтты.

"Жалпы, мемлекеттік бағдарламалар халықты жарылқаса, әлдеқашан жарылқайтын уақыты болды ғой. Бізде отбасылық институттар ақсап жатыр. Адамдар материалдық жағдай жасалмағандықтан, көптеген отбасы ажырасып тынып жатыр. Иә, бізде сан түрлі мемлекеттік бағдарлама бар. Алайда, олардың біразының саясаты дұрыс емес. Мәселен, "Бақытты отбасы" деген бағдарламаны алайық. 2 пайыздан басталатын несиемен үй береміз дейді. Бірақ ол үшін банкке барып, әкімдікке сандалып, кезекке тұру керек. Олар кезекке тұрып келеді, тіпті алғашқы жарнасын да төлеп қояды, кейде тіпті тағы да толып жатқан құжаттарды өткізеді.

Ал соңында үй "жағдайы жоқ, толық емес отбысына берілетіні" белгілі болады. Содан адамдар амалсыз, "толық емес" деген мәртебені алу үшін құжат жүзінде ажырасып кетуі керек пе?. Тіпті дәл солай ажырасқандар да бар. Яғни олар көпбалалы отбасы бола тұра, ажырасуы тиіс екен. Яғни, үйді он, он бес жылға несиеге алу үшін ажырасып кету керек. Не деген бағдаралма бұл? Бұл бағдарламаны жасаған адамды халық жауы деп тануымыз керек. Өйткені, ол әрең күнін көріп жүрген азаматтардың, отбасылардың ажырасуына бірден-бір себепкер болады", - деді ол.

Оның сөзінше, қоғамда көпбалалы отбасыларға қатысты теріс ұғым қалыптасқан. Мәселен үй-күйсіз, бала-шағасын асырай алмай жүрген, кедей, білімсіз, мұқтаж адамдар, бүгінде қоғамда көп балалы отбасы ретінде қабылданады әрі бұл қате түсінік, дейді кәсіпкер.

Бұл ретте, Көңілбай Шүкенов, керісінше, көп баласы бар жанұяларды дәріптеп, оның мәртебесін асқақтатып, оларға барынша жағдай жасау керек екенін алға тартады. Ол өзінің ойын іске асыру үшін Ақмола облысының Аршалы ауданында арнайы жоба да бастағанын айтты.

"Бақытты отбасы" қалашығында қазір 5 отбасы тұрып жатыр. Оларда ең аз дегенде 5 бала, ал ең көбінде 9 балалы жанұялар бар. Барлығы отызға жуық бала бар. Әрқайсысына 170 шаршы метрлік баспананы салып, тату-тәтті тұрып жатқан, балаларына жақсы тәрбие, білім берген отбасыларға тегін тарту еттік. Ол біздің команданың қоғамға тигізіп жатқан шағын ғана көмегі. Бір адам үй, автокөлік алып жатса, мен өзім балаша қуанамын. Өз жобамның авторы ретінде айтар болсам, қандай қиындық болса да ажыраспаған, махаббаттарына берік отбасыларға үй беру қажет. Осындай отбасылардың қазақ елінде бар екенін мақтанышпен насихаттап және оны үлгі етіп көрсету", -дейді кәсіпкер.

Сонымен бірге ол елдегі баспана беру бағдарламаларының тиімсіз екенін де алға тартты.

"Бізде жалақы үй мен көлік алуға жетпейді. Неге? Өйткені сізге жетпейтіндей қылып есептеп қойған. Сіз несиеге кіруіңіз керек. Банкке барып несиемен үй алғаннан кейін, жасыңыз 25-те болса, төлеп біткен кезде 50 жасқа келесіз. Сонда үйді төлеп біткен кезде, жалындаған жастық шағыңыз өтіп кетеді. Одан кейін айнаға қарасаңыз сіз мүлде басқа адамды көресіз. Біз бұл дүниеге несие төлеуге келдік пе? Өмір сүруге келдік пе? Қазақтар өмірге несие төлеу үшін келген жоқ", - деп сөзін қорытындылады Шүкенов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары