Шоқан Шыңғысұлы өзінің ғылыми еңбектерінде жазады: " Бұрын қазақ Жаратушыны Тәңірі десе, қазір Алла дейді, ата-бабалар рухын бұрын Онгон десе, қазір Аруақ дейді, - аттары өзгергенмен идеясы сол қалпында қалды". Ғұлама Шоқан не айтқысы келіп отыр? Нені меңзеп отыр? Біздіңше, қазақ халқының өзінің тарихи- эволюциялық даму жолында Политеизмнен( көпқұдайлықтан) Монотеизмге (жалғызқұдайлыққа) өту үдерісін тайға таңба басқандай қылып көрсетіп отыр.
Иә, рас, бұрынғы ата-бабаларымыз табиғаттың тылсым күштеріне табынып Тәңірі тұтқанын тарихтан білеміз: От Тәңірі, Су Тәңірі, Жер Тәңірі... "Ұра берсе құдай да өледі" дегендей бұл ұғымдар қазір біздің сенім жүйемізден ысырылды, біздің санамызда тарихи-мәдени артефакт ретінде ғана көрініс береді. "Өгіз аттай желмейді, заман қайтып келмейді " дегендей, ол - өткен заман. Ол мәдени-трансформацияны қазақ халқы баяғыда басынан өткеріп қойған. Біз - кәміл мұсылманбыз: кітабымыз - Құран, дініміз - Ислам.
" Алла мінсіз әуелден , пайғамбар хақ, Мү'мин болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ. Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,
Тә'уиліне жетерлік ғылымың шақ" , - деп Ұлт Ұстазы Абай иманымызды бекітіп, айқындап беріп отыр. Сондықтан өткенді аңсап, "Тәңіршімін" деп Елді ала тайдай бүлдірудің еш қажеті жоқ. Бұл - фитнә! Дінге тіл тигізу, ардақты пайғамбарымызға тіл тигізу - біртұтас мәдени контексте өмір сүріп жатқан қазақ социумына төнген қатер, диверсия деп білемін. Бұл - ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Абайтанушы Омар Жәлелдің facebook парақшасынан