07.08.2014, 03:40

Ақтөбе үшінші кезеңнен аса алмады (ВИДЕО)

Сурет: fcaktobe-fans.kz

Футболдан ел чемпионы «Ақтөбе» команлдасы УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің үшінші айналымында румындық «Стяуа» клубына жол берді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Өткен айдың 30 күні Ақтөбеде өткен алғашқы ойында олар 2:2 есебімен тең түскен болатын. Ал, кешегі ойында Бухарестік команда 0:0 немесе 1:1 нәтижесі жетіп жатыр еді. Алайда, қазақстандық команданың есін жидырмай, толассыз шабуылдаған қарсыластар өз дегендеріне жетті. Ойынның бас жағында басымдықты қолға алғысы келген ақтөбеліктер қарқынды шабуылдауды мақсат тұтқан болатын. Алайда, 3-минутта қарсы шабуыл жасаған «Стяуа» шабуылын нәтижелі аяқтады. Оң жақтан әдемі пас алған Александру Кипчу Сидельников қақпасын қорғай алмайтындай соққы жасады. Есеп — 1:0.

Айта кету керек, қарсыластар бес ойыншы болып «Ақтөбе» қақпасына бірінші де нәтижелі соққысын бағыттаған сәтте қақпа маңынан үш-ақ қорғаушы табылды.

Қарсыластардың екінші голы 39-минутта кірді. Бұл жолы сол қапталдан пас алған Николае Станчу ойланбастан қақпаға бағыттағаны сол еді, Сидельников бұл соққыны да тосуға қауқарсыз болып шықты. Есеп — 2:0.

«Ақтөбе» тек ойынның 85-минутында ғана есеп айырмасын қысқарта алды. Айып алаңына асырылған айып добын қарбалас сәттердің бірінде қақпаға дәл бағыттаған Тимур Кападзе жерлестеріміздің осы кездесудегі жалғыз голын соқты. Есеп — 2:1.

Айта кетуіміз керек, «Ақтөбе» ойыншыларында гол соғатын бір емес, бірнеше мүмкіндік болған еді. Тіпті, бір сәтте (29-минутта) қарсыластардың қорғаушылары өзара пас алмасуда үлкен қателік жасап, біздің команданың шабуылшысы Олексей Антоновты қақпашыларымен жеке-дара шығарып берді.

Бірақ, қақпашыдан айласын асыра алмаған біздің шабуылшы жігіт гол соға алмады. Одан бөлек, тағы бірер мүмкіндіктерін пайдалана алмаған «Ақтөбе» ойыншылары осылайша биыл да Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен аса алмады.