Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасында бас маман болған түркиялық Энвер Түркелери қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл хабарды Қазақстан ауыр атлетика федерациясы да растап отыр. Түркиялық маманның орнын босатқанына бірнеше ай болыпты.
Айта кетейік, Түркелери Қазақстан ұлттық құрамасында он шақты жыл бас кеңесші қызметін атқарған болатын. Естеріңізге салсақ, ол осыдан бірер жыл бұрын «Қазақтаннан Олимпиада чемпионын шығарам» деп серт берген болатын. Алайда, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қазақ қызы Жазира Жаппарқұл ойындардың күміс жүлдегері атанды.
Түркелеридің кеңесші болған кезінде Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зульфия Чиншанло Олимпиада ойындарының чемпиондары атанды. Алайда, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы олардың бәрін допинг пайдаланды деп айыптап, осынау жүлделерінен айырған болатын.