08.08.2014, 03:40

«Шахтер» ұтылып, «Астана» келесі кезеңге өтті (ВИДЕО)

Сурет: hajduk.hr/naslovnica

Кеше УЕФА Еуропа лигасы іріктеу кезеңі үшінші айналымында қарағандылық «Шахтер» мен елордалық «Астана» командалары жауапты кездесулерін өткізді. Қос ойында да 3:0 есебі тіркелгенімен, тек «Астана» ғана келесі кезеңге өтуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Бір апта бұрын Астанада өткен ойында «Астана» мен «АИК» 1:1 есебімен тең тарасқан болатын. Ол ойында «Астана» ұтылып жатып, тек есепті теңестіруге ғана шамасы жеткен еді. Сондықтан, қарымта ойында мұндай нәтиженің тіркелерін ешкім күтпесе керек. Алайда, ойын барысында жинақы ойнай білген Станимир Стойлов шәкірттері швециялық командадан барлық көрсеткіштер бойынша басым болды. Соның арқасында 36-минутта айып добын орындаған Фокси Кетебоама есеп ашты, 1:0. Қорғаушылардың біріне тиіп бағытын өзгерткен доп қақпа торына топ етті. Допты қақшып алуға кері бағытта секіргелі тұрған қақпашының шамасы келмеді.

Ойынның алғашқы бөлігін басымдықпен аяқтаған астаналықтар келесі таймға сенімді шықты.

Беталды шабуылға шыға бермей, қарсыластардың қате тұсын аңдыды. Қарымта шабуылдарға иек арта отырып, қос бірдей допты тағы енгізді. 54-минутта Дмитрий Шомко көзге түссе, Бауыржан Жолшиев 71-минутта мәселені түбегейлі шешіп тастады. Бұдан кейін «АИК-тің» де шабуылдауға ниеті болмай қалды.

Ал, екінші командамыз қарағандылық «Шахтер» 2 доп айырмашылығын сақтай алмай, сырт алаңда ойсырай жеңілді. Біздің ойыншыларға жөні түзу шабуыл ұйымдастыруға мүмкіндік қалдырмаған хорваттар Мокин қақпасына жауапсыз 3 гол соқты. Ойын соңындағы статистикалық мәліметтерге қарасақ, бүкіл ойында «Шахтер» қарсыластар қақпасына небәрі бір ғана тура соққы бағыттаған.

Ал, «Хайдук» сапынан 14-минутта Тино-Свен Сушич, 36-минутта Антон Маглица 36, және 90-минутта Сандро Готальдар бір-бірден гол салып, командаларын келесі кезеңге өткізді.

Осылайша, биылғы еурокубоктік бәсекелер жолында екі командамыз ғана қалды. Бірі чемпиондар лигасынан шығып, енді Еуропа лигасында бақ сынайтын «Ақтөбе» болса, екіншісі «Астана».