11.08.2024, 14:30

«Үш дүркін әлем чемпионы болғым келеді»: Назым Қызайбай алдағы жоспарын жария етті

Фото: ҚР Спорт және туризм министрлігі

Қазақтан шыққан алғашқы үш дүркін әлем чемпионы атанғым келеді. 

Бокстан Қазақстан әйелдер командасының үздігі Назым Қызайбай Париждегі Олимпиада ойындарын қорытындылады. Жазғы ойындардың өзі үшін жеңісті болғанын мәлімдеп, алдағы мақсаттарын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

 

Olympic.kz порталы 50 келі салмақта Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Назым Қызайбайдың пікірін бөлісті. Ол жартылай финалда болашақ чемпион Ю Вуға есе жіберген болатын. 

"Жартылай финалда жеңілгенде ашуға ерік берген едім. Кеше финалдық жекпе-жекті қараған соң, өзімнің шын мықтыдан ұтылғаныма көз жетті. Мықтыны мойындау керек, қытайлық боксшы бұл салмақтағы ең үздік екенін дәлелдеді. Сондықтан, қола медальді өзім ұзақ күткен Олимпиададан адал еңбекпен алдым деп есептеймін.

Меніңше, дайындық уақыты аз болып қалған сияқты. Лицензияны Азия ойындарында немесе Италиядағы іріктеу турнирінде алғанда, жағдай басқаша болар ма еді?! Таиландтағы іріктеу турнирінен соң толық дайындалуға уақыт аздық етті. Десе де, осы жетістігіммен де мақтанамын. 

Қола жүлдегер атанған соң, жан-жақтан құттықтаулар толассыз келіп жатыр. Өзім тек қана теледидардан көрген Геннадий Головкиннің өзі марапаттап, арнайы құттықтағанда қатты қуанып қалдым. Елге келген соң, өзімнің қандай іс тындырғанымды толық сезінетін шығармын.

Бұл - менің алғашқы Олимпиадам. Жарақатым жоқ, бабымды жоғалтпадым. Сондықтан, бүгін-ертең боксты қойып кетемін деп айта алмаймын. Қазақтан шыққан алғашқы үш дүркін әлем чемпионы атанғым келеді. Екі дүркін чемпиондық атақ Серік Сәпиев пен менде бар. Ендігі мақсатым - әлем чемпионатының үшінші алтынын алу", - деді Қызайбай.