Темірді қызған кезінде соғу қажет. Егер шұғыл шаралар қолға алынбаса, Токиодағы және Париждегі жағдай Лос-Анджелесте де қайталанады.
Спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Париж Олимпиадасынан бері 10 күн өтсе де Қазақстан құрамасының нашар көрсеткіші үшін тиісті шаралар қабылданбай жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Париж олимпиадасының аяқталғанына 10 күнге жуықтады. Тек қана таэквондо федерациясының басшылығы ғана түгел отставкаға кетті. Бұған қоса, бокста Мырзағали Айтжановты құрбандыққа шалдық. Басқа бағыттар бойынша не істейміз? Не істелуі керек? Париждегі ойындардан кейін қандай қорытынды жасалды және енді қай бағытта қозғаламыз? Неге федерация басшылары ашық есеп бермейді? Мемлекеттен бөлінген миллиарттаған қаржы қайда жұмсалды? Не ол өз-өзін ақтамады? Неге тиісті нәтиже болмады? Легионерлерді не істейміз? 184 спорт түрін не қыламыз? Әзірге бұл сұрақтардың жауабы жоқ», - деп жазды Аслан Қаженов.
Оның айтуынша, қыркүйекте Көшпенділер ойыны басталады, кейін де әртүрлі жарыстар ел назарын басқа жаққа аударып әкетеді де негізгі проблемалар сол күйінде қордаланып қала береді.
«Егер біз тағы 10 күн үнсіз жүрсек, ары қарай ештеңе өзгермейді. Бәрі сол күйінде қалады деген сөз. Өйткені, қыркүйекте Көшпенділер ойындары басталады. Одан кейін футболдан ұлттар лигасы, футзалдан әлем чемпионаты деп кетеміз. Темірді қызған кезінде соғу қажет. Егер шұғыл шаралар қолға алынбаса, Токиодағы және Париждегі жағдай Лос-Анджелесте де қайталанады. Мен оған сенімдімін. Сол кезде ғана санымызы соғып, бармағымызды шайнап отырамыз. Оның алдын алу үшін қазірден әрекет етуіміз керек», - деп жазды ол.