$ 478.96  533.03  5.22

«Астана» Конференция лигасының топтық кезеңіне шықты

Алғашқы ойында қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберген.

Фото: Астана футбол клубы
Фото: Астана футбол клубы

Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасының плей-офф кезеңінде қазақстандық «Астана» Норвегияның «Бранн» командасымен қарымта ойын өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алғашқы ойында қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберген астаналық клуб алғашқы минуттан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Десе де, бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде де ойын жағдайы дәл осындай қарқында өрбіді. Елордалық команда жиі шабуыл ұйымдастырса, оған норвегиялық футболшылар лайықты төтеп бере білді. Ойынның 61-минутында астаналық командадан Джеффри Чинеду әуелете берілген пасты қақпаға дарытты.

Ол 81-минутта тағы бір мәрте мергендік танытты.

Ал 91-минутта жасыл алаңға шыққан Рамазан Кәрімов арада минут өтпестен норвегиялық қорғаушылардың өрескел қателігін шебер пайдаланып кетті.

Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, Конференция лигасы топтық кезеңіне жолдама алды.

«Астана» турнирді екінші іріктеу кезеңінен бастап, алғашқы айналымда Молдованың «Милсами» клубын (1:0, 1:1) қапы қалдырса, одан кейін Румынияның «Корвинул» командасынан (2:1, 6:1) басым түсті.

Айта кетсек, елордалық команда 2015/16 жылғы маусымда Чемпиондар лигасы, одан кейін үш жыл қатарынан Еуропа лигасы, былтыр Конференция лигасы топтық кезеңінде сынға түсті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары