Мен бала-шағам деймін оларды.
Сидней Олимпиадасының чемпионы марқұм Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова қазақ боксшыларына деген реніші барын жасырмады. Чемпионның анасы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында әр Олимпиада алдында өзбек спортшылары келіп бата алатынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, отандық боксшылардан кезінде Бақтияр Артаев бата алған, Ермахан Ыбырайымов хабарласып тұрады. Басқа былғары қолғап шеберлері тіпті төбе көрсетпеген.
Олимпиада алдында марқұм Бекзат Саттархановтың анасынан бата алуға өзбек боксшылары ғана келетін көрінеді.
"2004 жылы бір икаруспен келді. Жылда келіп тұрады. Биыл да келіп кетті. Биыл мен өзімнің бала-шағамды көрмеппін. Мен бала-шағам деймін оларды", - деді Сырлыкүл Саттарханова.
Журналист одан "Биыл қазақ боксшылары келген жоқ па? Батаңызды алмады ма?" деп сұрады.
"Біреуін де көрген емеспін. 24 жылда Бақтияр Артаевтан басқа ешкімді көрмеппін. Жылда өзбек боксшылары келіп менен бата алады. Жылда болмаса да Ермахан Ыбырайымов телефонмен хабарласып тұрады. Жылда болатын Бекзатты еске алу турнирінде ашылу салтанатына міндетті түрде қатысып кетеді. Енді басқа ұлдарымды (ред. - боксшыларды) көрген жоқпын. "Өзі жоқтың көзі жоқ" дейді ме екен, сол балаларға өкпемді жеткізейінші. Биылғы турнирде Олимпиада чемпиондарының ешқайсысын көрген жоқпын. Ешкім де келген жоқ. Ермахан ғана келді", - деді боксшының анасы.