Ұлым өзінің жігерімен, ұмтылысымен осындай жетістікке жетті.
Франция астанасы Париждегі Паралимпиада ойындарында күміс жүлде иеленген қазақстандық спортшы Еркін Ғаббасов елге оралды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Паралимпиада жүлдегерін Астана әуежайында жанкүйерлер құрмет-қошеметпен күтіп алған. Олардың арасында спортшының анасы да бар.
"Өте қуаныштымын. Ұлым өзінің жігерімен, ұмтылысымен осындай жетістікке жетті. Ол Парижге аттанғанда қорықтым, бүкіл Қазақстан сенім артты ғой. Тілеуін тілеп отырдық. Бәріне рақмет", - деді Еркін Ғаббасовтың анасы.
Еске салайық, R1 санатында винтовкамен 10 метрге пара оқ атудан сынға түскен Еркін Ғаббасов күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Қазақстандық спортшы финалда 227.3 бал жинап, жалпы есепте екінші орынды еншіледі. Бұл Парижде өтіп жатқан Паралимпида ойындарындағы Қазақстан құрамасының алғашқы медалі болды.