20.09.2024, 12:00

Футзалдан ел құрамасы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты

Фото: kff.kz

Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы ойынын 21 қыркүйекте Жаңа Зеландияға қарсы өткізеді.

Өзбекстанда өтіп жатқан футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионатында топтық кезеңнің екінші туры аяқталды. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын плей-офф кезеңге шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Плей-офф кезеңге әр топта үздік атанған 2 құрама тікелей жолдама алады. Сонымен бірге әр топта үшінші орын алған құрамалар арасында үздік атанған 4 команда да келесі кезеңге өтеді.

Қазіргі таңда 1/8 финалға Аргентина, Бразилия, Иран, Испания, Қазақстан, Марокко, Парагвай, Португалия (чемпион), Таиланд, Франция командалары шықты. Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы ойынын 21 қыркүйекте Жаңа Зеландияға қарсы өткізеді. Бұл ойын Астана уақыты бойынша 17:20-да басталады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы биылғы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын Испанияға қарсы өткізіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан еді. Бұл матчта қазақстандық ойыншы Біржан Оразов жылдам гол соғып, тарихи нәтиже тіркеді. Кейін ұлттық құрама Ливияға қарсы ойнап, 1:4 есебімен жеңіске жетті.