Спортшы мәлімдеме жасады.
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен бір кардта өнер көрсететін Жанқош Тұраровтың алдағы жекпе-жегі өтпейтін болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
WBA тұжырымы бойынша ең үздік 10 боксшының қатарында тұрған Жанқош Тұраровтың алдағы жоспарланған жекпе-жегі өтпейтін болды. IBO нұсқасы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы 28 қыркүйек күні AllStarsBoxing кешінде 16 жекпе-жегін нокаутпен жеңген Хесус Пинтоға қарсы жұдырықтасуы тиіс еді. Бірақ боксшы жарақат алып қалғанын Instagram-дағы парақшасында жариялады.
"Ассалаумағалейкүм, достар! 28 қыркүйекке жоспарланған жекпе-жегім жаттығу кезінде оң иығымнан жарақат алуыма байланысты кейінге қалдырылды. Қай уақытта болатынын алдағы күндері хабарлаймын", - деді Тұраров.
Айта кетейік, Жанқош Тұраров шаршы алаңда 28 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен боксшы. Ол соңғы жекпе-жегінде жапондық Ахикиро Конданы төрешілер шешімімен ұтып, WBA Gold титулын жеңіп алған болатын.