Мен тек 4 қазанға емес, чемпиондарға да дайындалып жатырмын.
IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 KO) өзі өнер көрсететін дивизиондағы басқа чемпиондарға үндеу тастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
4 қазанда Сиднейде (Аустралия) Жәнібек Әлімханұлы жаңазеландиялық кәсіпқой боксшы Андрей Михайловичке қарсы кездесу өткізеді. Бұл жекпе-жекте қазақстандық боксшы екі бірдей чемпиондық атақтарын қорғайды.
"Мен тек 4 қазанға емес, чемпиондарға да дайындалып жатырмын. Олардың есімдерін ұмытып та кеттім – орта салмақта чемпиондардан кім бар еді? Чемпиондар, 5 қазанда сендерден келісімшарт күтемін", - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы Х желісіндегі ресми парақшасында.
Орта салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы кубалық Эрисланди Лара, ал WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Доминикан Республикасының кәсіпқой боксшысы Карлос Адамес саналады.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайлович 14 шілдеде Лас-Вегаста (АҚШ) жұдырықтасуы керек еді. Алайда қазақстандық боксшы салмақ қуу кезінде есінен танып, ауруханаға түсіп қалғандықтан, кездесу өтпеді.