07.10.2024, 17:40

Елена Рыбакина әлемдік рейтингте төмендеді

Фото: Robert Prange/Getty Images

Юлия Путинцева да әлемдік рейтингте төмендеді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әйелдер теннис қауымдастығының рейтингінде төмендеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Рейтингтің жаңартылған нұсқасы 7 қазанда жарияланды. Рыбакина 4-орыннан 5-орынға төмендеп, америкалық Коко Гауффқа жол берді. Аталмыш рейтингтің көш басында польшалық спортшы Ига Швятек, Арина Соболенко және америкалық Джессика Пегула бар.

Рыбакина тамыз айының соңынан бері ресми жарыстарға қатыспады. Ол жарақатына байланысты АҚШ ашық чемпионатының 2-тур матчы алдында ойыннан шығып қалды. Содан бері спортшы емделіп жатыр.

Жақында Қазақстанның бірінші ракеткасы БАӘ-де желтоқсанда өтетін турнирде қатысуға өтінім берді. Рыбакина бұған дейін өнер көрсете ме, жоқ па әзірге белгісіз. Сондай-ақ өткен аптада теннисші Алматыда демалып жатқанын көрсеткен еді.

Юлия Путинцева да әлемдік рейтингте төмендеді. Қазақстанның екінші ракеткасы үш позициядан айырылып, қазір 35-орында.