Зарина Дияс жартылай финалға шығу үшін түркиялық Дениз Дилекпен таласады.
Қазақстандық, әлемнің 488-ракеткасы Зарина Дияс Кайсери (Түркия) ITF W50 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бүгін 31 жасқа толған қазақстандық теннисші екінші айналымда германиялық Пия Прёфкемен сынға түсті.
Бірінші партияда Зарина 3:0 есебімен алға кеткенімен, германиялық, 21 жастағы теннисші таразы басын теңестіре алды. Дегенмен тай-брейкте Дияс айқын басымдылық танытты – 7:6 (7:1).
Екіншісінде Зарина қарқынын тіпті үдетті – 6:1.
З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің 256-ыншы, осы жарыстың 5-ракеткасы, румыниялық Патрисия-Мария Тигті жолдан тайдырған еді — 3:6, 6:4, 6:2.
Зарина Дияс жартылай финалға шығу үшін түркиялық Дениз Дилекпен таласады. Ол күтпеген жерден әлемнің 212-інші, доданың 1-ракеткасы, Кипр өкілі Ралука Джорджана Шербанды ұтып кетті – 6:4, 6:4.
Қазақстанның екінші, әлемнің 32-ракеткасы Юлия Путинцева Нинбо (Қытай) WTA 500 жарысының жартылай финалынан тыс қалды. Ол ширек финалда әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинадан айласын асыра алмады – 4:6, 6:1, 6:7 (6:8). 2 сағат 42 минутқа созылған аса тартысты бәсекеде Ю.Путинцева тай-брейкте 6:4 есебімен алға шығып, қос бірдей матчболын пайдалана алмады.
Сондай-ақ Қазақстанның ерлер арасындағы екінші, әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченко Алматы ATP 250 турнирінің ширек финалында рейтингіде өзінен 30 саты жоғары тұрған аргентинкалық Франциско Серундолодан ұтылып қалды – 2:6, 3:6.