$ 484.19  524.28  5.03

Қазақстандық жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов 30 жасқа толды

Шавкат Рахмонов 1994 жылы 23 қазанда Өзбекстанның Шурчи қаласында дүниеге келген. 

Фото: instagram.com/shavkatrahmonov94
Фото: instagram.com/shavkatrahmonov94

Бүгін, 23 қазан UFC-де өнер көрсететін қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмоновтың туған күні. Ол мерейлі 30 жасқа толды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Шавкат Рахмонов 1994 жылы 23 қазанда Өзбекстанның Шурчи қаласында дүниеге келген. Бала кезінен бастап спортшы болуды армандаған. Шавкаттың әкесінің ұлты – қазақ, Шекті руынан. Ал анасының руы – Қоңырат. Шавкат бала күнінен еңбекке жақын болған. Тіпті ол жас күнінде базарда жүк тасушы болып жұмыс істеген. "Мен Қарағандыда "Шығыс" базарында жұмыс істедім. Екі жарым жылдай жүк тасушы болдым. Анам мен үйдегілерге көмектестім. Қалаға келгенде басқа жұмыс болмады", - деді Шавкат Рахмонов YouTube "Sports True" арнасына берген сұқбатында. Шавкат жасөспірім кезінен бастап спортпен шұғылдана бастаған. Шавкат бастапқы уақытта бокспен, жауынгерлік самбомен айналысқан. Қарағандыда жаттықтырушысы Владимир Фофановтың жетекшілігімен аралас жекпе-жекке де алғашқы қадамдарын жасайды. Кейін қазақстандық спортшы өзін ММА-да сынап көріп, осы бағытта дамуға көбірек мүмкіндігі бар екенін түсінген.

2014 жылдың 17 қазанында Шавкат Рахмонов M-1 Global турнирінде өзінің дебютін жасады. Сол кезде қазақстандық спортшы ресейлік Адам Цуровты бірінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңген. Шавкат Рахмонов M-1 Global турнирінде 7 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 2019 жылдың наурызында Шавкат M-1 Global-дың жартылай орта салмақтағы чемпионы атанды. Алматыда өткен M-1 Challenge 101 турнирінде ресейлік Данила Приказаны техникалық нокаутпен жеңіп, чемпиондық белдікті иеленген. 

2019 жылдың шілдесінде Шавкат UFC-мен келісімшартқа қол қойып, осы ұйымда өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық спортшы атанды. 2020 жылдың қазанында UFC 254 турнирінде бразилиялық Алекс Оливейрамен кездесіп, бірінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңген.

2021 жылдың маусымында UFC Fight Night: Ган vs Волков турнирінде бразилиялық Мишел Празеристі төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңген. 2022 жылдың ақпанында UFC Fight Night 200 турнирінде ганалық Карлстон Харристі бірінші раундта нокаутқа түсірген. 2023 жылдың 5 наурызында UFC 285 турнирінде Шавкат Рахмонов үшінші раундта америкалық Джефф Нилді жеңген болатын. Ал 2023 жылдың 17 желтоқсанында UFC 296 турнирінде Шавкат Рахмонов америкалық Стивен Томпсонды тұншықтыру әдісімен жеңген.

Айта кетейік, аралас жекпе-жек шебері қазақстандық Шавкат Рахмонов (18-0) 7 желтоқсан күні Лас-Вегастағы T-Mobile аренада көптен күткен кездесуін өткізеді. Оның қарсыласы – жартылай орта салмақта UFC чемпионы американдық Белал Мухаммад (24-3).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары