Ол 9 жеңістің сегізін нокаутпен аяқтаған.
Қазақстандық актер әрі MMA файтері Еркебұлан Тоқтар (9-3) аралас жекпе-жектегі кезекті жеңісіне қол жеткізді. Астанадағы Dala Fighting Champioship турнирінде ол қарсыласын бір минутқа жеткізбей нокаутқа түсірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
28 жастағы Еркебұланның қарсыласы Египеттен келген 39 жастағы Хайтам Эльсайед (10-7) болды. Кездесудің 50-секундында қазақ файтері оны ауыр соққысымен күтіп алып, талдырып тастады. Рефери жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Еркебұлан Тоқтар осымен тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді. Оның сегізінде нокаут тіркелген. Эльсайед болса қатарынан үшінші рет нокаутпен жеңіліп отыр.
Ал осы турнирдің басты жекпе-жегі қазақстандық танымал файтер Васлий Тахтай (10-0) мен америкалық ардагер Уилл Чоуп (42-23) арасында өткен болатын. Отандасымыз небәрі 40 секундта қарсыласын жерге құлатып, партерде ұрып тастады және осы турнирдің жеңімпазы атанды.