Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін еске алыңыздар – ол матчтарда біз күрестік, жеңісті жұлып алдық. Ал
Футболдан Қазақстан құрамасы биылғы маусымды сәтсіз аяқтады. Осы тұста жанкүйерлердің көп бөлігі бұл төмен нәтижені Ұлттық құрамаға жаңадан келген бапкер Станислав Черчесовтің дұрыс жұмыс істемегендігінен көрді. Skifnews.kz ақпарат порталы Станислав Саламұлы ел құрамасындағы мансабын уақытынан бұрын аяқтай ма деген сауалға жауап іздеп, сарапшылар пікірін ұсынады.
Станислав Черчесов Ұлттық құраманың бас бапкері болып биыл маусым айында тағайындалған. Содан бері Қазақстан оның жетекшілігімен 6 ойын өткізді. Алты ойынның біреуінде тең ойнаса, қалған бес ойында бірде бір ұпай еншілей алмады. Есесіне қарсыластар біздің қақпаға бес голға дейін соқты. Норвегиямен болған соңғы ойын жанкүйерлердің төзімін тауысып, жүйкесін жұқартты. Ал өз алаңымызда Аустриямен өткізген матч шумен аяқталды.
Черчесов, үйіңе қайт!
Алматыда өткен Қазақстан мен Аустрия құрамалары арасындағы матчта жанкүйер қауым ресейлік бапкерге наразылық білдірді. Бұл матчта отандастарымыз 0:2 есебімен жеңіліп қалған еді.
«Черчесов, үйіңе қайт», - деп жанкүйерлер бірауыздан дауыстап айтты.
Кете қойыңыз, көке...
Қазақстан футбол құрамасының бұл нәтижесіне көңілі толмаған жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері команданы жаттықтыратын ресейлік бапкер Станислав Черчесовті қатаң сынай жөнелді. Ал спорт журналисі Аслан Қаженов Черчесовке өтемақыдан бас тартып, өз еркімен орнын босатуға кеңес берді.
“Мынаның әзірге кеткісі жоқ… Матчтан кейінгі сұхбатын тыңдап отырмын. «Биылғы маусым сәтсіз болды. Енді алдағы жылы барлығын таза парақтан бастаймыз. Келесі маусымның жеребесін күтеміз» деп әңгімені жіберіп отыр. Негізі, түсінігі бар азамат барлық жауапкершілікті мойнына алып, қолынап келмейтінін ашық айтып, өз еркімен қызметінен кету керек қой. Бүкіл жанкүйер ұнатпай отыр. Бүкіл халық қарсы болып отыр. Осынша жиіркенішті екеніңді біле тұра, қалай түк білмегендей жүре бересің? Қалай ары қарай жұмысты жалғастырасың?
Станислав мырза, еркек болсаңыз, өз еркіңізбен орныңызды босата қойыңыз. Дәл осылай қақпамызға 15 гол жіберіп, жеңілістен көз ашпауды сізсіз де білеміз. Қарсыласқа бірде-бір гол соқпауды, тіптен, қатырамыз. Ашығын айту керек, ештеңе істей алмадыңыз. Үмітті ақтамадыңыз. Біз о баста келгеніңізге қарсы едік. Әйтеуір мүдделі тараптар пайда болып, ақыры осы жерге отырғызды. Халықтың қарсылығына қарамастан, потолок айлық қойып берді. Бірақ, жеме-жеме келгенде дым да бітірмедіңіз.
Енді көпшілік әлгі өтемақыға алаңдап отыр. Черчесов қызметінен кетсе, 1 миллион доллар көлемінде қосымша төлем алады деген ақпарат шықты. Кішкене болса да қадіріңіз қалсын десеңіз, сол өтемақыдан бас тартып, тыныш кете қойыңыз. Сізден үнемделген қаржыны балалар футболына жұмсайық. Қазақ футболына қосқан үлесіңіз сол болсын. Өз басым өмір бойы, Станислав Черчесов бас бапкер болғанда осылай жасаған еді деп жарнамалап айтып жүремін. Керемет емес пе?! Онсыз да ай сайын қыруар қаржыны қалтаға басып жатырсыз. Жететін шығар. Болды. Кете қойыңыз, көке. Артыңызға қарамаңыз…”, — деп жазды журналист.
Бапкер ойыншыларды жігерлендіре алмайды - депутат
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза да футболдан Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасының биылғы маусымындағы ойынын сынады.
"Бұл – сұмдық! Еш гол соға алмай, өз қапамызға 15 гол жіберіп алдық. Кез келген саналы бапкер осындай жағдайдан кейін отставкаға кетуі керек деп ойлаймын. Мұнда ешқандай сылтау өтпейді", - деді Самат Нұртаза.
Депутат ұлттық құраманың матчтарын мұқият қадағалап, Қазақстанда өтетін ойындарға жиі баратынын айтты.
"Бұрын біздің команда жеңілген күннің өзінде бұл мүлде басқаша болатын. Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін еске алыңыздар – ол матчтарда біз күрестік, жеңісті жұлып алдық. Ал Норвегияға қарсы ойынды алып қарасақ, бұл мүлде басқа футбол, басқа адамдар ойнап жатқандай. Бапкер ойыншыларға дұрыс жігер бере алмады деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім", - деп қосты депутат.
Саламұлының сылтауы
Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы аясында Норвегиядан 0:5 есебімен ұтылғаннан кейін бас бапкер Станислав Черчесов команданың өзіне дейін қараусыз қалғанын айтып айды аспаннан бір-ақ шығарды.
"Бұл ақталу емес, бірақ бізде ешқандай артықшылық болған жоқ. Астанадағы артықшылығымыз болған синтетикалық алаңда ойнаған жоқпыз. Мен келгенге дейін бұл туралы ешкім ойламаған. Маған дейін команда қараусыз қалған болатын. Артық күніміз көп болсын деп тиісті құжаттарды тапсырдым. Көптеген ойыншы тәжірибе жинақтап жатыр", - деп Черчесов матчтан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген болатын.
Черчесов Құдай емес
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Sportnews.kz сайтына берген сұқбатында футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің жұмысына қатысты пікір білдірді.
"Жақсы тәжірибесі бар, танымал бапкер екі айда ұлттық құраманы жоғары деңгейге көтереді деген үміт көпшіліктің көкейінде жүргенін түсінемін. Бірақ шындыққа тура қарау керек: біз ешқашан футбол үздігі болған емеспіз. Екі айдың ішінде құрамамыз мықты командаға айналып, қарсыластарды оңай жеңеді деп күту – бұл біздің аңғалдығымыз", - деді Павел Казанцев.
Депутаттың айтуынша, ресейлік маманға бәсекеге қабілетті команда құру үшін уақыт қажет.
"Черчесов небәрі бірнеше ай ғана жұмыс істеп үлгерді. Ол Ұлттар лигасының В дивизионында сынға түсетін шақта тағайындалды. Мұндай қысқа мерзімде нәтиже талап ету қисынсыз. Қанша қаласаңыз да, үш айда бала туа алмайсыз. Черчесов те Құдай емес. Ұлттық құраманың матчтарына барып, қолдау көрсету керек. Біз тек мықты командалар келгенде ғана алаңға барамыз, ал өз чемпионатымыздың деңгейіне назар аудармаймыз. Сол жерде ұлттық құраманың негізі қалануы керек. Бірақ жанкүйерлеріміз стадионға барудың орнына үйде отырып, Черчесовті сынайды. Эмоцияны шетке ысырып, бапкерге нақты жұмыс істеу мүмкіндігін беру қажеті", - деп түсіндірді депутат.
2026 жылға дейін келісімшарт бар
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен қуылса, қомақты сомада өтемақы алады.
Legalbet.kz мәліметінше, Қазақстан футбол федерациясы мен Станислав Черчесов арасындағы келісімшартта екі тарап шартты орындамаған жағдайға арналған тармақ бар. Егер бапкерді басқа команда шақырғысы келсе, онда ол үшін (немесе Черчесовтің өзі) федерацияға 1 миллион еуро төлеуі керек.
Ал ҚФФ басшылығы Станислав Черчесовті жұмыстан шығаратын болса, өтемақы ретінде 1 миллион еуро беруге тиіс. Бұл қаржы теңгеге шаққанда 530,85 миллион теңге. Айта кетейік, Станислав Черчесов биыл маусымда футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Ол ҚФФ-мен 2026 жылғы әлем чемпионаты аяталғанға дейін келісімшартқа отырған.
Футболдан Қазақстан құрамасының жағдайы барлық жағынан қарағанда тұрақсыз. Көңіл көншітпейтін нәтижені есептемегенде дәл қазір Федерация президентсіз жұмыс істеп жатыр. Станислав Черчесовтің тағдыры сияқты, ҚФФ басшылығына кім келетіні әлі күнге белгісіз. Қандай жағдай болмасын Ұлттық құрамаға соңына дейін жанкүйер болайық. Өйткені, ол - жалғыз.