29.11.2024, 15:40

«Болашағы жарқын»: Екі дүркін әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан туралы айтты

Фото: olympic.kz

Ризабек өте жақсы өнер көрсетіп жүр.

Еркін күрестен екі дүркін әлем чемпионы Франк Чамиcо қазақстандық балуан Ризабек Айтмұханның әлеуетін жоғары бағалады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

"Ризабек өте жақсы өнер көрсетіп жүр. Оның болашағы жарқын. Күресте әртүрлі деңгейдегі балуандар бар. Ең жоғарғы шыңда – бес-алты балуан ғана бар, олармен тең дәрежеде күресу қиын. Одан кейінгі деңгей – жақсы күресетін, даму үстінде жүрген балуандар. Ризабекке көп жұмыс істеу керек, сондай-ақ үлкен турнирлерде тәжірибе жинау қажет. Кім біледі, мүмкін, біз оны 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиадада көретін шығармыз? Күресте мақсатыңа жету үшін кез келген жағдайға дайын болу маңызды. Егер Ризабек осыған дайын болса, ол болашақта спорттың биік шыңында болады деп сенемін", - деді Франк Чамиcо.

Франк Чамиcо Ризабек Айтмұхан мен ресейлік балуан Абдулрашид Садулаев арасындағы мүмкін болатын жекпе-жек туралы сұраққа да жауап берді.

"Мен жоғарыда айтқанымдай, Абдулрашид Садулаев – қазір өз бабында. Кім біледі, болашақта Ризабек оны жеңуі мүмкін. Бірақ дәл қазір мұны сенімді түрде айту қиын. Абдулрашид – мен өмірімде көрген ең мықты балуан", - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаев Тиранада өткен олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленді.