$ 524.75  540.6  5.12

«Қысым көп болды»: Шавкаттың желтоқсандағы жекпе-жегіне шолу (ФОТО, ВИДЕО)

Түрлі сынақты басымнан өткердім.

Фото: Steve Marcus/Getty Images
Фото: Steve Marcus/Getty Images

Күні кеше Отандасымыз Шавкат Рахмонов пен ирландиялық файтер Иэн Гарри арасында тартысты жекпе-жек өтті. Бес раундты құраған тартыс кезінде Шавкат төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Бұл жерлесіміздің мансабындағы 5 раундқа дейін барған алғашқы жекпе-жегі. Skifnews.kz ақпарат порталы Рахмонов пен Гарридің арасында өткен тартысты текетіреске толығырақ тоқталмақ. 

Қазақстандық Шавкат Рахмонов (18-0) Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) UFC 310 турнирінде ирландиялық файтер Иэн Гэрримен жекпе-жекке шығып, төрешілердің бірауыздан шешімімен қарсыласынан басым түсті.

Ирландиялық файтер де бұған дейін ешқашан жеңіліп көрген жоқ еді. Қазірге дейін 15 жекпе-жегінің барлығында қарсыластарын қапы қалдырып кетті.

Жарақаты бар жыл

Шавкаттың өзі қарсыласын уақытынан бұрын жеңгісі келгенін жасырмады. Алайда осы жыл жауынгер үшін оңайға соқпаған. 

"Осы жыл мен үшін қиын болды. Түрлі сынақты басымнан өткердім. Алайда қалпымды жоғалтпауға тырысып, бүгін жекпе-жекке шықтым", - деді ол айқас аяқталған соң. 

Кейіннен Рахмоновтың нені меңзегені де белгілі болды. Бұл туралы Dar Team командасының бапкері Эдуард Базров айтты. 

"Осы жекпе-жектің алдында Шавкаттың денсаулығы сыр берді. Біз бұл туралы ешкімге тіс жармадық, ол төбелесуді жөн деп тапты. Егер дәл осындай проблема UFC-дің басқа файтерінде болса ешкім октагонға шықпас еді. Мұны мен ақталу үшін айтып отырған жоқпын, Шавкат расымен де қатты ауырды", - деді Базров NAIZA TV YouTube-каналына берген сұхбатында.

Белал неге бас тартты?

Орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мухаммад (24-3) жарақатына байланысты қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновпен (18-0) жекпе-жек өткізбейтіні туралы ақпар тарап, оның себебі де белгілі болды. 

Америкалық спортшы Instagram-дағы парақшасында 6 апта шаршы алаңға шығыға алмайтынын жариялады. 

"Менің аяғымнан сүйек инфекциясы пайда болды. Келесі 6 апта бойы физикалық белсенділіксіз білегімнен антибиотиктер салуға тура келді. Алланың жоспары - ең жақсы жоспар. Мені көру үшін келгендердің барлығынан кешірім сұраймын. Жақында ораламын, ИншАлла", - деп жазды ол. 

Белал Мухаммадпен жекпе-жегі өтпейтіні туралы жағдайдан кейін Шавкат та үнсіз қалмады.  Ол жартылай орта салмақтағы UFC чемпионына қатысты Х желісінде жазба жариялады.

«Беллаға тезірек сауығып кетуін тілеймін. 100% қалпына келген кезде кездесеміз. Әзірге мен #UFC310 уақытша титулына кез келген үміткермен күресуге дайынмын», - деп жазды Рахмонов.

Айта кетейік, Гарримен жекпе-жектен кейін сөз алған Шавкат "Белал, келсеңші, айналайын" деп болмай қалған қарсыласын дауыстап шақырды. 

Сарапшылар сөзі

Танымал жүргізушісі Мэнсон қазақстандық Шавкат Рахмоновтың UFC чемпионы Белал Мұхаммедпен шыққан жағдайда одан басым түсетініне сенімді екенін айтты. 

"Белалдың бойы аласа болғандықтан, Шавкат клинчте өзінің күшін тиімді пайдаланады, қарсыласының денесі мен басына тізе соққыларын жасап, жақын қашықтықта шынтақпен шабуылдайды. Ол Белалдың алдыңғы қарсыластары жасай алмаған нәрсені жасайды. Шавкат оны жақын да, алыс та қашықтықта ұра алады," - деп мәлімдеді Мэнсон өзінің подкастында. 

ММА сарапшысы, "Вестник ММА" жобасының жетекшісі Михаил Крамер қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмоновқа қазіргі кезде ең дұрыс қарсылас Белал Мухаммед екенін айтты. 

"Шавкат үшін Белалды күту тиімді. Бұл – титулдық жекпе-жек және ешқандай артық тәуекел жоқ. Белалмен кездесу арқылы Шавкат бірден чемпиондық белбеу үшін күреседі. Ал Усман мықты қарсылас болса да, бұл кездесу тәуекелге толы. Ол бұған дейін Хамзат Чимаевқа лайықты қарсылық көрсеткен болатын және Шавкатпен бір залда жаттыққандықтан, оның әдіс-тәсілдерін біледі. Шавкат үшін ең тиімдісі – Белалды күту. Бірақ UFC шешіміне де тәуелдіміз. Егер UFC Шавкатқа жекпе-жек керек деп тапса, олар белгілі бір жеңілдіктерге баруы мүмкін", - деді ММА сарапшысы Михаил Крамер. 

Ұлты грузин испаниялық файтер Илия Топурия Шавкат Рахмонов мен Белал Мұхамед арасындағы титулық айқаста отандасымыздың жеңіске жететінін айтты. 

"Шавкат өтірік чемпион болып жүрген Белалды жеңеді. Белал нағыз чемпион емес. Сосын жартылай орта салмақта титулды Камару Усман өзіне қайтарып алады. Бұл Усман үшін оңай дүние, - деді Илия Топурия.

Жекпе-жек туралы жанкүйерлер не жазып жатыр?

Қазақстандықтар үшін 7-желтоқсанда өткен жекпе-жектің ең ауыр сәті Шавкаттың қылқындыру әдісіне түсіп қалғаны болды. Алайда Рахмонов өзінің жауынгер екенін тағы бір дәлелдеп, сытылып шықты. Осыдан кейін жанкүйерлердің бір тобы Шавкат жарады десе, енді бір тобы өте әлсіз өнер көрсеткенін жарыса жазды. Шавкаттың өзі мұндай жағдайлар жиі болатынын, одан шығу қиын емес екенін жеткізді. 

"Шавкатқа қысым көп болды. Жеңілмеген файтер сол атағынан айырылмау керек. Тәуелсіздік күні қарсаңында өткені тағы бар", "Іштей бір уайымы бар сияқты", "Белалмен қиын болады. Ол балуан, Ал Шавкатта күрес өнері жоқ", "Белал бас тартқан соң Шавкат үшін ең қиын қарсыластың ішінен Гарриді таңдап алды. Осыны түсіну керек", "Чимаев қателікті кешірмейді және құтылып кету мүмкіндігін бермейді", "Шавкаттың командасы әдейі бес раундқа дейін созғанына сенімдімін. Осыдан кейін титул үшін жекпе-жек өткізу керек. Соған дайындық ретінде сынап көрді", "Әлем алдында қазақша сөйлеген, еркек!", - деп жазды олар. 

Сөз соңында: Президент құттықтауы мен сыйақы көлемі

Қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрримен жекпе-жегі үшін 350 мың доллар кепілді табыс табады. Жеңіске жеткені үшін оның сыйақысы қосымша 100 мың долларға артты. Осылайша жауынгеріміз 450 мың долларға кенелді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ирландиялық Иан Гэрриден басым түскен Шавкат Рахмоновты UFC-дегі кезекті жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшысы қазақстандық атлеттің кәсіби спортта жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары