Менің спортқа келуіме әкемнің қарындасы себепкер болған.
Бұлбұл Мұрат – Моңғолия ұлттық құрамасында ойнайтын баскетболшы. Моңғолияның Налайх қаласында дүниеге келген ол 18 жасында елдің басты командасына қабылданып, ұлттық құрама сапында Азия ойындарында қола медаль иеленіп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы turkystan.kz-ке сілтеме жасап.
"Негізі, менің спортқа келуіме әкемнің қарындасы себепкер болған. Ол кісі спортпен шұғылданатын, соның ішінде баскетболды шебер ойнайтын. Кішкентай кезімде оның ойнау стиліне, допты торға лақтырғанын қатты қызығатынмын. Мен де ол секілді ойнағым келетін. Менің қызығушылығымды байқаған ол мені бір күні Налайхтағы баскетбол секциясына ертіп апарып, «Үйрен. Ойнап көр» деп ондағы бапкерге табыстап кетті", - дейді қазақ қызы.
Оның айтуынша, Моңғолияа қандас спортшылар үшін ұлттық құрама сапына кіру қиынның қиыны. Алайда қазақ қызы өзінің табандылығы мен жігерлілігінің арқасында топ жарған.
"Моңғолияда менен басқа ұлттық құрамада ойнайтын қазақ қыздары жоқ қой. Мен секілді кішкентай кезінен баскетболға әуес болғандарды да байқамадым. Мен жасөспірімдер, жастар сапында жүріп, бірнеше халықаралық жарыстарда топ жардым. Менің бар арманым әкемнің атын әйгілеу еді. Азия ойындары секілді ірі халықаралық жарыста ойнағанымды көрсе деп едім. Жакартада ойнау осы жағынан қиынға соқты. Дегенмен бар өнерімізді ортаға салып, намысқа тырысып, ол ойында қола жүлдегер атандық. Кейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында күміс алдық. Одан бөлек Әлем кубоктерінде топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көріндік", - дейді Бұлбұл Мұрат.