$ 530.24  543.97  5.16

«Міне, саған клоун!»: Мұхит Амантаев пен бетіне юбка лақтырған «Мотиватор» Әнуарбек қашан жұдырықтасады

Ол «Сен клоун боларсың, міне, саған клоун киімі. Бұл юбканы киіп, билей бер» деп күлді.

Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Атыраулық файтер Әнуарбек Бекембетов танымал бокс бапкері Мұхит Амантаевтың шәкіртімен жаттығу кезіндегі видеоны жариялап, сынаған еді. «Мотиватор» лақап атымен танылған Әнуарбек Мұхит Амантаевқа «Шәкірттеріңді ұрғанша, мықты боксшылармен жекпе-жекке шық» деп кеңес берген. Бұл сөздерден кейін олардың арасында дау туындап, енді екеуі жекпе-жекке шығуы мүмкін, деп Skifnews.kz ақпарат порталы «1bol.kz» сайтының YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мұхит Амантаев болса, егер оған қомақты ақша ұсынылса, шаршы алаңда шоу көрсетуге дайын екендігін білдірді.

«Әнуарбек бәрін өзі бастады. Қазіргі кезде көп адамдар менің атымды пайдаланып, хайп жасағысы келеді. Егер хайп жасағысы келсе, сол үшін лайықты бағаны төлеңдер. Мен шоу көрсетуге дайынмын. Бірақ, қазіргі уақытта маған ұсынылған ақша қызық емес. Мен сұрап жатқан соманы төлесін. Қазір 20 миллион ұсынды, оны екі адамға бөліп бермекші. Бұл Әнуарбек үшін үлкен мүмкіндік, бірақ мен оның деңгейінде емеспін», — деді ол.

Әнуарбек болса, Мұхит Амантаевтан физикалық тұрғыдан әлдеқайда мықты екенін, жекпе-жек кезінде жеңіске жететініне сенімді екенін айтты.

«Мен кәсіби боксшымын. Мұхит ерте қартайып кеткен, дайын емес. 2023 жылы Мұхитқа 6 раундтық спарринг өткізуді ұсындым, бірақ ол тек 3 раундқа дайын екендігін айтты. Залға барғанымда оның шәкірттері қарап тұрды. Ұят болмас үшін мен жеңіл жасадым, тер де шықпады. Мұхитты физикалық жағынан жеңу қиын болмайды. Бұл жекпе-жек қазір бүкіл ТМД елдеріне қызық болып жатыр», — деді Әнуарбек.

Сондай-ақ, Әнуарбек Мұхит Амантаевтың бетіне юбка лақтырып, оның әлеуметтік желілерде билейтінін айтып, «Сен клоун боларсың, міне, саған клоун киімі. Бұл юбканы киіп, билей бер» деп күлді.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті де 6 раундтық жекпе-жек ұйымдастыруға рұқсат беретінін мәлімдеді.

«Интернеттегі видеоларды көрдім, көпшілік жекпе-жек ұйымдастыруды сұрап жатыр. Федерация жекпе-жек ұйымдастырмайды, бірақ санкция бере алады. Камил Гаджиев маған хабарласып, жекпе-жекке санкция беру туралы сұрады. Егер олар дайын болса, рұқсат беруге болады деп жауап бердім. Камил Мұхитпен сөйлесіп, оның талаптарын тыңдауды ұсынды. Біз Мұхитпен кездесіп, Камилдің ұсынысын жеткіздік. Мұхит өз талаптарын айтты. Камил әлі де ойланып жатыр», — деді Рахымжан Ерденбеков.

Ал жекпе-жектің нақты қашан өтетіні әлі белгісіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 3
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары