14.01.2025, 12:00

ММА шебері Қуат Хамитовтің туған інісі әскер қатарына алынды

Фото: ІІМ Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Бұйырса інім жауынгерлік қызметін абыроймен атқарып шығады деген сенімдемін

Қазақстандық белгілі аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтің інісі Ерсұлтанбек Тауасарұлы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Бұл туралы ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды. 

Ол әскер қатарына 2024 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласынан шақырылған. Бүгінге дейін ол әскери ортаға бейімделіп, арнайы оқу курсынан өтті. 4 оқу ротасының қатардағы жауынгері Ерсұлтанбек Тауасарұлы биылғы 11 қаңтарда әскери ант қабылдады. Салтанатты іс-шараға оның ата-анасы, бауырлары келген.

"Туған бауырымды Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге жібердік. Әскери ант қабылдау іс-шарасына қатысып отырмыз. Қашанда елді, жерді қорғау – ер азаматтың парызы. Бұйырса інім жауынгерлік қызметін абыроймен атқарып шығады деген сенімдемін", - деді ММА шебері Қуат Хамитов.

Дәл сол күні елордалық бригаданың 700-ге жуық сарбазы әскери ант қабылдады. Ресми шара аяқталғаннан кейін ата-аналарға әскер қатарында жүрген балаларымен кездесуге рұқсат берілді. Осы сәтте белгілі файтер інісімен жолығып, естелік суретке түсті.

Айта кетейік, Қуат Хамитов аралас жекпе жектен 26 мәрте жеңіске жетіп, 8 рет жеңілген. Сондай-ақ оның еншісіне 2 тең нәтиже тіркелген.