05.02.2025, 23:30

EURO-2026: Футзалдан Қазақстан құрамасы Данияны ойсырата жеңді

Фото: kff.kz

Кездесу барысында ел құрамасы бірінші кезеңде төрт гол соқты.

Бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі төртінші ойынын Данияға қарсы өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ел құрамасы алтыншы топта Армения, Дания және Албаниямен шеберлік байқасады.

Кездесу барысында ел құрамасы бірінші кезеңде төрт гол соқты. Ойынның 1-минутында Дания құрамасы өз қақпасына автогол соқса, одан кейін Дуглас Жуниор 1, 8, Ақжол Дәрібай 6-минутта тағы үш мәрте қақпаны дәл көздеді. Оған даниялық футзалшылар үш голмен жауап берді.

Екінші кезеңде ел құрамасы тізгінді өз қолына ұстауға тырысты. Нәтижесінде Азат Валиуллин 28, Дамир Қайырбай 32, Дәурен Тұрсағұлов 35-минутта мергендік танытты. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 7:3 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ бүгін сағат 23:00 -де аталған топта Албания мен Армения құрамалары кездеседі.

Ел құрамасы бұдан кейін 7 наурызда өз алаңында Албанияны қабылдаса, 12 наурызда Армения құрамасына қонаққа барады.