05.04.2025, 02:30

«Қырғыздардан үлгі алайық»: Белгілі журналист спортшыларды бөліп-жаруды тоқтатуға шақырды

Фото: instagram.com/kazhenov.aslan

Чемпиондар неге елеусіз қалды?!

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген спортшыларымызды елеусіз қалдырғандарды сынап, жауапты басшылыққа үндеу жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Көрші қырғыз елінің күрес федерациясы Азия чемпионатында топ жарған палуандарына ақшалай сыйақы берді. Яғни, алтын жүлдегерге - 200 мың, күміс жүлдегерге – 150 мың, қола медаль иелеріне – 100 мың сомнан табыстады. Ұлттық валютаға шаққанда 1 миллион теңгенің ар жақ-бер жағы. Қалай болғанда да, қырғыздар чемпиондарын елеусіз қалдырмады. Барынша құрмет көрсетіп, мүмкіндігінше мотивация беріп жатыр.

Ал, біздің балуандар елеусіз қалды. Қазақстан құрамасы байрақты бәсекеде 2 алтын, 4 күміс және 5 қола жеңіп алды. Әсіресе, осы Жәмиляның еңбегі ерекше. Ол төртінші мәрте құрлықтық додада топ жарып тұр. Жалпы қандай жарыс болмасын, осы қыз үнемі құтқарады. Барын да, жанын да салып күреседі. Жарысқа дейінгі жаттығуды айтсаңызшы. Қаншама тер, қаншама еңбек. Жарақаты бар, басқасы бар дегендей. Өкініштісі, керек кезде қолданып, одан кейін елемей кетеміз.

Мен тек Жәмиялыны ғана айттым. Дәл солай Нұрқожа Қайпанов та алтын жүлде алып, елдің еңсесін көтерді. Түннің бір уақытында қалай қуандық?! Ризабек пен Болаттың, Әлімхан мен Омардың күмісі бар. Бұған қоса, бес бірдей спортшымыз қола жеңіп алды. Нәтиже жақсы болсын, жаман болсын, балуандар барын салды. Қолдан келгенше ел абыройын асқақтатты. Оларды көріп өсіп келе жатқан мыңдаған өрен бар. Олар да барлығын көріп-біліп отыр. Сәйкесінше, мына жағдайдан кейін таулары шағылуы мүмкін", - деді журналист.

Оның айтуынша, көк байрағымызды желбіретіп жүрген спортшылар осындай жағдаймен бетпе-бет келе берсе, тауы шағылып, мотивация азайып кетеді.

"Бірер ай бұрын бокстан да дәл осылай Азия чемпионаты өтті. Ол кезде жауапты федерация басшысы жеңімпаздарға 3500 миллион теңгеден табыстады. Бапкерлері мен мамандар да назардан тыс қалмады. Тіпті, қола жүлде алса да, бес баланың анасы Әйгерім Сәттібаеваға 5 миллион теңге берді. Оны, әрине, басқа спорт түрінің өкілдері де көріп отыр. Спортшылар мен сияқты ашық айта алмайтын шығар. Бірақ, іштері ашиды ғой. Вроде бірдей деңгейдегі жарыстарға барады. Бірдей деңгейдегі медальдар алады. Әнұран ойнатады. Көк туды көтереді. Бірақ, жағдай, өкінішке орай...", - деп қорытындылады ол.