"Жігіттер рингте тым көп үзіліс жасайды".
Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев соңғы уақытта қазақ бокс стилінің нашарлап кеткенін жеткізді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы “Дядя Ваня” Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жақында ғана Сәрсекбаевты Қазақстан бокс федерациясы экспериментальды құрамаға бас бапкер етіп тағайындаған еді. Олимпиада чемпионы бұған дейін, Вьетнамның Ханой қаласында бас бапкер қызметін атқарған болатын.
Бақыт Instagram парақшасында белсенділік танытып, жаттығу сәттерімен қатар, ел спортына қатысты өзекті мәселелерді де қозғап жүр. Оның пікірінше, бүгінгі күні қазақ боксының ерекше стилі жойылып барады.
“Қазақша стиль жоғалды деп ойлаймын. Бұрын біз аяқпен көп қозғалатынбыз, бір орында тұрмайтынбыз. Қазіргі буын мүлде басқа. Қазір боксшыларды қозғалуға итермелеуге мәжбүрміз, әйтпесе тұрып қалады. "Алдыңғы қолмен жұмыс істеу" деген ұмытылған. Жігіттер рингте тым көп үзіліс жасайды – қарсыласты күтпестен, жай тұрып, соққыны тосады. Бұрын біз бұған жол бермейтінбіз, керісінше қарсыласты психологиялық тұрғыдан әлсіретуге тырысатынбыз", – дейді чемпион.
Сәрсекбаевтың бұл пікірі қазақ боксының бұрынғы мектебіне деген сағынышты ғана емес, болашаққа алаңдаушылықты да білдіреді.