17.04.2025, 16:00

«Қорқақ»: Әлімханұлы мен Адамес желіде «жұдырықтасуды» жалғастырып жатыр

Фото: желіден алынды

Қос боксшы әлеуметтік желіде дауласып, бір-бірін нокаутқа түсіретінін айтқан

Қос боксшы әлеуметтік желіде дауласып, бір-бірін нокаутқа түсіретінін айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамеспен жұдырықтасса, оны мерзімінен бұрын жеңетініне сенімді.

«Егер ол менімен жекпе-жекке шығуға келіскен жағдайда, мен оны нокаутқа түсіремін. Бірақ сіздер білесіздер, ол менімен жұдырықтаспайды. Себебі ол — қорқақ!», — деп жазды «Қазақ стилі» лақап атымен Х әлеуметтік желісінде.

Жақында Әлімханұлы әлеуметтік желіде қазіргі уақытта өзіне тек Адамеспен өтетін біріктіруші жекпе-жек қана қызық екенін мәлімдеген. Ал Карлос Адамес оған жауап ретінде Жәнібекті рингте зейнетке жіберуге уәде берді.

Америкалық-доминикандық шолушы Broadway Joel бұл кездесуді Нью-Йорк қаласында 10 тамызда өткізуге болатынын айтып, оны Доминикан Республикасының күніне арналған парад пен мерекелік іс-шараларға орайластырса деген ұсыныс білдірді.