17.04.2025, 17:40

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері жаңа командаға қызметке тағайындалды

Фото: sports.kz

Адиев Мәскеу маңындағы “Химки” футбол клубының бас бапкері міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиев жаңа жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Адиев Мәскеу маңындағы “Химки” футбол клубының бас бапкері міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл тағайындау командамен жұмыс істеген испаниялық Франк Артигамен келісімшарттың өзара келісім негізінде тоқтатылуынан кейін жүзеге асты. Әзірге Адиев ресми түрде бас бапкер міндетін атқарушы ретінде тіркелген, себебі Артига келісімшартты бұзу туралы құжаттарға қол қоймаған.

Қазіргі таңда "Химки" 24 турдан кейін 23 ұпаймен Ресей Премьер-лигасының (РПЛ) турнирлік кестесінде 12-орында тұр. Турнир кестесінде 15-ші және 16-шы орын алған командалар Премьер-лигадан шығып қалады, ал 13-ші және 14-ші орындардағы клубтар плей-офф матчтарына қатысады.

Айта кетейік, Магомед Адиев 2022 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған. Бұған дейін ол Грозныйдың "Ахмат" клубында да жұмыс істеген.