Толыққанды жаттығуға кірісе алады.
Қазақстандық Шавкат Рахмоновтың (19-0) бапкері Эдуард Базров шәкіртінің дайындығы туралы айтып, оның UFC-ге қашан оралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Рахмонов UFC 315 турнирінің басты жекпе-жегінде ұйымның чемпионы Белал Мұхаммедпен кездесуі мүмкін еді, алайда жарақатына байланысты турнирден шеттетілді. Нәтижесінде, америкалық спортшы Джек Делла Маддаленаға қарсы шығады.
"Шавкат Алматыда жаттығу жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде белгілі бір жүктемелер алып жатыр — оң динамика байқалады. Толыққанды жаттығуға кірісе алады. «Октагонға» оралуын күзге, шамамен қазан айына жоспарлап отырмыз. Қазір бос отырып қалуға болмайды. Уақыт өтіп жатыр, жаңа қарсыластар пайда болуда.
Белал мен Маддаленаның чемпиондық жекпе-жегіне келсек, менің ойымша, Белал жеңіске жетеді. Содан кейін біз өз жоспарымызды іске асыра аламыз деп үміттенемін. Шавкат чемпиондық айқас өткізуді қатты қалайды", – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде өткізіп, Иан Гэрриді төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңіп, өзінің рекордын 19 жеңіске жеткізген еді.