$ 511.77  593.19  6.41

Қазақ жүйрігі бәйгеде топ жарып, Варшаваны бағындырды (ВИДЕО)

Жерлесіміздің тұлпары "GASTON GREAT" шынайы сенсация жасап, маусымның ең мәртебелі жарыстарының бірінде айқын жеңіске жетті.

Коллаж: Sn.kz
Коллаж: Sn.kz

Қордайлық атбегі халықаралық аренада Қазақстанның атын асқақтатты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

2025 жылдың 7 маусымы – Қазақстанның ат спорты тарихында алтын әріппен жазылар күн. Польша астанасы Варшавадағы әйгілі Орталық атшабарда, Еуропаның ең беделді бәйгелері өтетін алаңда, жерлесіміздің тұлпары GASTON GREAT шынайы сенсация жасап, маусымның ең мәртебелі жарыстарының бірінде айқын жеңіске жетті.

Құйып тұрған жаңбыр, лайсаң трасса мен Еуропаның мықты тұлпарлары да GASTON GREAT-тің жолына бөгет бола алмады. Ол қарсыластарын шаң қаптырып, бәйге сызығын бірінші болып кесті.

Бірақ бұл – жай ғана жеңіс емес, бұл Қазақстан спортының жаңа толқынының, өршіл, қуатты және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті буынның символы.

Жеңісті еселей түсетін тағы бір қуанышты жайт – GASTON GREAT тұлпарының иесі Қордай ауданы, Ауқатты ауылынан шыққан жерлесіміз Мейір Кыпшақбаев екені. Оның тұлпарға деген махаббаты, қажырлы еңбегі мен мақсатқа берік сенімі биікке жетеледі.

Ал тұлпарды тізгіндеген бауырлас Қырғыз елінен келген шабандоз — Тимур Кумарбекұлы еді. Ол қазақ сәйгүлігін шеберлікпен жарыс жеңісіне жеткізді!

Мейір Қыпшақбаев – өмірін отандық ат спортына арнаған азамат. Ол бұған дейін де түрлі халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, өз деңгейін әлдеқашан дәлелдеген. Варшава төріндегі бұл жолғы жеңіс – нағыз еңбектің, кәсіпке деген адалдықтың және биік мұратқа жетелеген сенімнің заңды жемісі.

"Бұл жеңістің орны мен үшін ерек, бұл еңбектің, табандылықтың, шынайы құштарлықтың нәтижесі деп білемін. Біз әлемге Қазақстан тек қатысушы ел емес, ат спорты мен атбегілік дәстүрін дамытуда көшбасшы елге айналуға лайықты екенін көрсеткіміз келеді", – дейді Мейір Қыпшақбаев.

Енді алда  тағы бір маңызды бәйге күтіп тұр. 2025 жылғы 22 маусымда GASTON тағы да Варшава жарыс алаңында бой көрсетпек. Бұл жолы — маусымдағы ең мәртебелі жүлделердің бірі – Ашхабадтың Бас жүлдесі сарапқа салынады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары