01.07.2025, 18:20

Нұрбек Оралбай Әлем кубогының ширек финалына шықты

Фото: ҰОК

Кездесу төрешілер шешімімен 5:0 есебімен қазақстандық боксшының пайдасына аяқталды.

Астанада өтіп жатқан бокстан Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Нұрбек Оралбай сәтті өнер көрсетіп, жарыстың ширек финалына өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Нұрбек Оралбайдың алғашқы қарсыласы, әзербайжандық Мурад Аллахвердиев осал болған жоқ. Ол 2023 жылғы Еуропа ойындарының қола медаль иегері атанған еді.

Жекпе-жарыс барысында бірінші раундтың қорытындысы бойынша Нұрбек алға шықты. Екінші раундта да қазақстандық боксшының басымдығы байқалып тұрды.

Жекпе-жек нәтижесінде Нұрбек қарсыласын 5:0 есебімен тізе бүктіріп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Нұрбек Оралбай 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері болды. Оған қоса 2018 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы атанса, 2022 жылы Азия ойындарында қола медаль еншілеген.