$ 533.87  621.64  6.64

«Еуропа қарашы, бұл - қазақтың баласы!»: Темірлан Анарбеков көптің жүрегін жаулады

Ол небәрі 21 жаста. 

Фото: КФФ
Фото: КФФ

Алғашқы ойында негізгі қақпашы Иван Заруцкий жарақат алып қалғаннан кейін, көпшілік "Қайраттың” екінші қақпашысы жас Темірлан Анарбековке күмәнмен қарады. Бірақ дәл сол жігіт қазақ футболының тарихын алтын әріптермен жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Inbusiness мәліметінше, Алматының "Орталық” стадионында өткен ұлы шайқаста "Қайрат" жанкүйерлерінің жүрегі бір сәтке де тынышталған жоқ. "Селтик” секілді алып клубқа қарсы тұру оңай ма?! Бірақ Анарбеков әрбір шабуылға төтеп беріп, қақпаны тас қамалға айналдырды. Оның қырағылығы мен реакциясы ойынның шешуші сәттерінде "Қайратты" жеңілістен аман алып қалды. 

Ойын негізгі және қосымша уақыттан кейін тең аяқталды. Барлығы пенальтилер сериясына келіп тірелді. Дәл осы жерде Темірлан қазақ футболының жаңа қаһарманына айналды. 

Пенальти қақпашылар үшін ең ауыр сынақ. Бірақ Анарбековтің сол түні ештеңеден қорықпағаны байқалды. Ол бір емес, үш бірдей соққыны қайтарып, "Қайратты” Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне алып шықты. Бұл клуб тарихындағы бұрын-соңды болмаған жетістік.

Жанкүйерлер трибунада көз жасын жасыра алмай, шаттықтан айғайға басты. Ал бұл ерліктің ең басты кейіпкері 21 жастағы қақпашы Темірлан Анарбеков болды.

Темірлан 2003 жылы 14 қазанда Атырау қаласында дүниеге келген. Оның футболға деген алғашқы қадамы 2017 жылы басталды. Сол жылы ол "Қайрат" футбол клубының академиясына қабылданды. 

2020 жылы бар-жоғы 17 жасында ол Премьер-лигада "Қайраттың" негізгі құрамында алғаш рет алаңға шықты. Дебюттік ойыны "Таразға" қарсы өткен еді. Ал екі жылдан кейін, 2022 жылы, ол "Қайрат-Жастар" командасының капитаны атанды. Бұл қақпашының бойындағы көшбасшылық қасиетінің дәлелі. 

2024 жылы Темірлан елордалық "Жеңіс" сапында өнер көрсетіп, тәжірибесін толықтыра түсті. Оның жасы небәрі 21-де екенін ескерсек,  алдында әлі талай биік белестер тұр. Уақыт көрсетеді, бірақ бір нәрсе анық. Темірлан Анарбековтың есімі Қазақстан футболының тарихына алтын әріппен жазылды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 41
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары