$ 541.68  636.26  6.48

Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиды Астана әуежайында зор қошеметпен қарсы алды

"Ең басты мақсат – Олимпиада".

Фото: instagram.com/qaz_team_official
Фото: instagram.com/qaz_team_official

2025 жылдың 23 қыркүйегіне қараған түні Астана әуежайына жүздеген адам грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғалиды қарсы алу үшін жиналды. Бұл — Қазақстан тарихында 26 жылдан кейінгі алғашқы жеңіс, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ұшып келушілерді қарсы алу залы лық толы болды. Кешкі уақыт пен сырттағы нөсер жаңбырға қарамастан, чемпионды қарсы алуға жүздеген жан жиналды. Атмосфераның сәнін оркестр мен ұлттық аспаптарда ойнайтын музыканттар келтірді. Сондай-ақ дәстүрге сай қызыл кілем төселіп, чемпионға бауырсақ пен қымыз ұсынылды.

Есіктер ашылып, алтын медалін кеудесіне тағып Айдос көрінген сәтте, зал ішін ду қол шапалақ пен "Айдос! Чемпион!" деген ұрандар кернеді.

ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының мүшесі Айдос Сұлтанғали жаттықтырушылар мен күрес федерациясының өкілдерімен бірге құрмет дәлізінен өтті. Халықтың назарынан сәл қысылғаны байқалса да, жүзінде мақтаныш күлкісі бар еді. Оның иығына бірден Қазақстан туы жабылды, ал балалар чемпионға қолын созып, қолтаңба алуға тырысты. Шығар есік жанында Айдостың суреті бейнеленген үлкен баннер тұрды.

Ол халыққа алғысын білдіріп, осы жолда бірге болған жандарға алғыс айтты. Сондай-ақ әлі де алда үлкен жұмыс тұрғанын атап өтті.

"Әлі бәрі алда. Ең басты мақсат – Олимпиада. Егер Олимпиададан алтын алсақ – міне, сол нағыз жетістік болады. Ең бастысы – біз елге "алтынды" алып келдік. Жеңіске жеткен сәтте көзге жас келді. Бірінші ата-анама хабарластым, кейін достарыма. Олар Қызылордада мені күтіп, қолдап отырды", – деді Айдос Сұлтанғали.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 28
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары