02.10.2025, 10:40

Ел қоржынына алтын салған тағы бір боксшы қызымызға көлік сыйға берілді

Фото: instagram.com/sko_akimdik/

Қазақстандағы мұндай автокөліктің бағасы 10 миллион 390 мың теңгеден басталады.

Қазақстандық боксшы Наталья Богдановаға Ливерпульде өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алғаны үшін 10 миллион теңге тұратын көлік сыйға берілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

26 жастағы қазақстандық боксшы Ливерпульдегі әлем чемпионатында өзінің алғашқы алтын медалін жеңіп алды. 

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің сайтындағы хабарламаға сәйкес, Натальяға жаңа Changan CS55 көлігінің кілттері тапсырылды.

Қазақстандағы мұндай автокөліктің бағасы 10 миллион 390 мың теңгеден басталады.

Қазақстанда әлем чемпионатының жеңімпазы мемлекеттен міндетті түрде 15 мың доллар (шамамен 8 миллион теңге) алады. Келесі әлем чемпионатына дейін ол ай сайын 511 мың теңге мөлшерінде төлем алады, ал оның бапкері – 255 мың теңге төлемақыға ие болды.

Сонымен қатар, Қазақстан бокс федерациясы чемпиондар мен жүлдегерлерге қосымша сыйақылар тағайындады. Алтын үшін 100 мың доллар, күміс үшін 50 мың доллар, қола үшін 30 мың доллар берілген.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жалпы командалық есепте бірінші орынға шығып, 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.