13.10.2025, 18:00

Өзбекстандық жанкүйер «Қайрат» - «Реал» матчына кіре алмаса да, қолтаңбалы допқа ие болды

Фото: instagram.com/fccosmosmedia

Армин есімді кішкентай жанкүйердің арманы күйреп, көз жасына ерік берген сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде кең тарады.

"Қайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы матчқа кіре алмаған өзбекстандық бала әйгілі "Реал Мадрид" пен "Челси" клубтарының аңызы Клод Макелеленің қолтаңбасы бар допты сыйлыққа алды. Бұл сыйлықты оған өзбекстандық кәсіпкерлер табыс еткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Өзбекстаннан Алматыға атақты матчты көру үшін келген әке мен баланың оқиғасы көпшілікті толқытқан еді. Олар Viagogo сайтынан 1175 доллар (630 998 теңге) төлеп билет сатып алғанымен, стадионға келгенде билеттердің жалған екені анықталған. Армин есімді кішкентай жанкүйердің арманы күйреп, көз жасына ерік берген сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде кең тарады.

Кейіннен қазақстандық ZTB медиа жобасының негізін қалаушы Марғұлан Тұрсынов бұл отбасын тауып, көмек ұсынғанымен, олар материалдық қолдаудан бас тартқан.

"Бізге жәрдем керек емес. Тек мерекенің бір бөлігі болғымыз келген", – деді өзбек жанкүйердің отбасы.

Ақырында Viagogo ақшаны қайтарып берді, ал Арминнің жаңа арманы пайда болып, "Реал Мадрид" клубын Испанияда көру екен. Енді кішкентай жанкүйердің қуанышы еселене түсті. Қайырымды кәсіпкерлер оған мадридтік "Реалдың" аңызы қол қойған доп тарту етті.