04.11.2025, 12:40

Қазақстанда УЕФА талаптарына сай 14 жаңа стадион салынады

gov.kz

Еліміз бойынша 1 694 футбол алаңы қажет.

Бұл туралы Үкімет отырысында Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталықтарында демеушілердің қаражаты есебінен жаңа футбол стадиондарының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған УЕФА талаптарына сай, заманауи жабыны бар стадион пайдалануға берілді. Астанада 3 600 орындық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Оны аяқтау 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. 14 жаңа стадион салу қажет. Олардың 10-ы бойынша жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда, - деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар ол жұмыс істеп тұрған 7 стадионды қайта жаңарту қажеттігін айтты.

- Қарағанды және Орал қалаларында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атырау және Ақтау қалаларында жобалау құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Өскемендегі стадион жобасы сараптамадан өтуде. Алматы және Жезқазған қалаларында 2 стадион бойынша жобалау құжаттарын әзірлеу қажет. Елде 7 432 футбол алаңы бар, оның 1 420-сы жөндеуді қажет етеді. Қосымша қажеттілік – 1 694 алаң. Осыған байланысты министрлік балалар футбол алаңдарын салу жоспарын бекітті. Жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба іске асуда, - деді министр.