12.11.2025, 12:20

UFC Шавкат Рахмоновтың дивизионындағы рейтингті өзгертті

Фото: UFC

Бонфим төрт сатыға жоғарылап, енді үздік ондықты түйіндеп тұр.

UFC соңғы турнирдің нәтижелері бойынша ішкі рейтингін жаңартты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Өткен аптада Лас-Вегаста лига кезекті шоуын өткізді. Кештің басты жекпе-жегінде бразилиялық Габриэль Бонфим ямайкалық Рэнди Браунды нокаутқа түсірді. Жартылай орта салмақ (77,1 келіге дейін) дәрежесінде өткен кездесуден соң дивизиондағы рейтинг өзгерді.

Бонфим төрт сатыға жоғарылап, енді үздік ондықты түйіндеп тұр. Ол осылайша америкалық спортшылар Колби Ковингтон, Джефф Нил, Даниэль Родригес пен отандасы Гилберт Бернсті артта қалдырды. Дегенмен қазақстандық Шавкат Рахмоновқа қатысты өзгеріс жоқ, ол жартылай орта салмақ дәрежесіндегі үшінші орнын сақтап қалды.

Бұл салмақтағы чемпиондық белбеу аустралиялық Джек Делла Маддаленаға тиесілі. Ол алдағы турнирде титулын қорғайды. Оның ресейлік Ислам Махачевпен өтетін жекпе-жегі UFC 322 турнирінің басты айқасы болмақ. Тағы бір қазақстандық спортшы Асу Алмабаев жеңіл салмақ дәрежесінде тоғызыншы орында қалды.

UFC-дің барлық салмақ дәрежесінен тыс ерлер рейтингінде грузин Илия Топурия көш бастап тұр. Екінші орында – Ислам Махачев, ал үздік үштікті тағы бір грузин Мераб Двалишвили түйіндеді.