Натальяның сөзінше, Геннадий Головкин өте қарапайым әрі споршыларға жігер бере алатын адам.
Қыркүйек айында Ливерпульде (Англия) өткен әлем чемпионатында топ жарған Наталья Богданова Геннадий Головкиннің өзіне қалай қолдау көрсеткені туралы айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. Бұл туралы спортшы Sports.kz сайтына берген сұхбатында атап өтті. Белгілі боксшы Наталья Богданова World Boxing ұйымы өткізген алғашқы әлем чемпионатындағы жетістігіне кімдердің қаншалықты үлесі бар екенін жеткізді.
«Мен финалдық жекпе-жегімді өткізіп болған соң, ол маған келіп, шын қуанышын білдірді. Жалпы, бүкіл команда жақсы өнер көрсеткеніне риза болды. Мені құттықтап жатып «Жарайсың! Ең бастысы - қолыңды түсірме, алға ұмтыл. Алда әлі көп жұмыс бар» деді», -деп еске алды спортшы.
Натальяның сөзінше, Геннадий Головкин өте қарапайым әрі споршыларға жігер бере алатын адам.
«Головкин – өте қарапайым азамат. Өзі спортшы болған соң, бізді жақсы түсінеді. Біз кейде бір-бірімізді жарты сөзден-ақ ұғынамыз. Ол артық ештеңе айтпайды, тек нақты, маңызды кеңестер береді. Оның айтқан әрбір сөзі мен үшін ерекше мотивация болды», - деді әлем чемпионы Наталья Богданова.
Естеріңізде болса, Ливерпульде (Англия) өткен әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен жалпы командалық есепте көш бастады.