13.11.2025, 11:40

«Ұлттық құрамада ойнау 10–15 миллион теңге»: Блогердің бай күйеуі өз шындығын айтты

Коллаж: sn.kz

Қазан айында Қашкеннің ұлттық құрамаға шақырылуы жанкүйерлер арасында қызу пікірталас туғызған еді.

Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Дінмұхаммед Қашкен өз атына айтылған сынға жауап берді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы ASnews.kz порталына сілтеп хабарлайды. 

Қазан айында Қашкеннің ұлттық құрамаға шақырылуы жанкүйерлер арасында қызу пікірталас туғызған еді. Әлеуметтік желілерде оны құрамға «ақша беріп кірді» деген әңгімелер де тарап кетті. Футболшы бұл айыптаулардың шындыққа сай еместігін айтады.

«Жасыратыны жоқ, отбасымыздың жағдайы жаман емес. Бірақ мен үшін ұлттық құраманың абыройын ақшаға сатып алу - өте ұят іс. Дәл өйтіп масқара болғанша карьерамды аяқтағаным жақсы. Менің футболдан бөлек те айналысатын істерім бар, бірақ ұлттық құрамада және Еуропада ойнасам деген үлкен арманым бар. Сондықтан мұның бәрі бос сөз», — деді ол.

Желі қолданушыларының кейбірі футболшы құрамға өту үшін «10–15 миллион теңге төлеген» деген пікір қалдырған. Алайда Қашкен бұл қауесетті қисынсыз деп есептейді.

«10–15 миллион теңгемен құрамаға кіру мүмкін де емес шығар. Айта берсін, әркімнің ойы әртүрлі. Бірақ өз басым ол ақшаны футболға емес, бизнеске салар едім», — деп жауап берді қорғаушы.

Ол сондай-ақ «бастапқы құрамдағы орнын да сатып алды» деген сөзге әзілмен жауап қатты.

«Егер сатып алсам, қосалқы құрамда не үшін отырдым? Одан да бірден 200 миллион төлеп, негізгі құрамнан бастамаймын ба, солай емес пе? Әзіл ғой», — деп күлді футболшы.

Айта кетсек, 25 жастағы қорғаушы өткен маусымда «Ұлытау» сапында ойнап, жазда «Жетісу» клубына ауысқан. Қазан айында ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов Қашкенді командаға шақырып, оның көрсеткіштері басқа кандидаттардан жоғары екенін атап өткен еді. Бапкердің бұл шешімі қоғамда кең талқыға түсіп, кей жанкүйерлер Қашкеннің құрамада ойнауға деңгейі жеткіліксіз деген пікір білдірген болатын.