13.11.2025, 14:00

Спорт журналисі: «Головкин – қазақ спортындағы тұңғыш World Boxing президенті болады!»

Фото: ҰОК

"Тура он күннен кейін қазақ спортының жаңа тарихы жазылады!"

Белгілі спорт журналисі Аслан Каженов алдағы он күннен кейін қазақ спортының жаңа тарихы жазылатынына сенім білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, әйгілі боксшы Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті атануы мүмкін.

Журналистің жазуынша, елімізден шыққан бірде-бір спорт маманы бұған дейін халықаралық спорт федерациясын басқармаған. Сондықтан Головкиннің бұл қадамы қазақ спорты үшін тарихи оқиға болмақ.

«Тура он күннен кейін қазақ спортының жаңа тарихы жазылады! Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті атанады! Иә, сайлау өтеді, бірақ мен Генаның жеңетініне сенімдімін! Бүгінге дейін елімізден шыққан бірде-бір маман халықаралық федерацияның президенті болған жоқ. Гена алғаш осы қадамды жасайды, тұңғыш өкіліміз болады!», – деп жазды журналист.

Сонымен қатар ол қазақстандықтарды танымал боксшыны қолдауға шақырды.

«World Boxing ұйымының да, Халықаралық олимпиада комитетінің де парақшаларына кіріп, “Головкин лайықты!”, “Головкинді қолдаймыз!” деген пікірлер қалдырайық. Көк туды толтырып, бүкіл әлемге қолдау көрсетейік!», – деді ол.

Журналисттің пікірінше, Головкиннің бұл сайлаудағы жеңісі кейбір шетелдік және отандық топтарға ұнамайтын болуы мүмкін. Дегенмен ол қазақ спорт жанкүйерлерінің тілегі орындалып, ел спорты жаңа белеске көтеріледі деп сенеді.

«Қалай болғанда да, көпшіліктің тілегі қабыл болады. Қазақ спортының тарихы жаңарады деп сенемін. Сәттілік, Гена!» – деп түйіндеді спорт журналисі.