$ 524.32  609.05  6.52

«Жылағанымды халыққа көрсеткісі келмеді ғой»: Асхат Тағыберген ұлттық құрамадан не себепті кеткенін айтты

"Алдын ала ойластырған жоқпын".

Фото: kazfootball.kz
Фото: kazfootball.kz

Футболдан Қазақстан құрамасының экс-капитаны Асхат Тағыберген ұлттық құрамадан не себепті кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Футболшы “AmanVibe” YouTube арнасына берген сұхбатында спорттық мансабындағы маңызды шешімдердің бірін қалай қабылдағанын баяндап берді.

”Ұлттық құрамадан кетем дегенім өзімнің шешімім. Алдын ала ойластырған жоқпын. Бір күн бұрын қабылданған шешім. Оған көп себептер болды. Қазір айтпай-ақ қояйын. Бір ғана жауап айта аламын. Өзімді ұлттық құрамаға көмекші ретінде сезіне алмадым”, — дейді ол.

Сондай-ақ, ол сұхбат барысында ұлттық құрамаға қайта оралуға қарсы еместей сыңай танытты.

“Ұлттық құрамаға көмектесе аламын ба, алмаймын ба бапкер шешеді. Қайтарғысы келсе, қайтарар. Бірақ мен Талғат Маруаұлымен сөйлестім. Маған шапан жауып шығарып салған соң, болған шығар. “Өткен нәрсеге өкінбе” дейді ғой, ұлттық құрамадан кеткеніме өкінбеймін. Құрамадағы жігіттер қарсы болды, соңғы матчта менің жылағанымды халыққа көрсеткісі келмеді ғой, бірақ бәрібір видеоларда көрініп қалыпты. Матч аяқталған соң құладым, Астана аренаның аспанына қарап едім, құдды бір бос кеңістікте тұрғандай күй кештім. Сол кезде “жігіттер, мен шаршадым, кетейін” деп шештім. Бірақ жігіттер құшақтап, “сен әлі керексің, асықпа” деп қарсы болды. Өзім екі сөйлегенді ұнатпаймын, сондықтан шешімімнің нақты екенін жеткіздім. Киім ауыстыратын бөлмедеде “Жігіттер, бұл — менің соңғы ойыным. Сендерге сәттілік. Ұлттық құраманың капитаны болғаным өте үлкен құрмет” деп айттым”, — дейді ол.

Асхат Тағыберген спорттық мансабына қатысты өкінішін де жасырмады.

”2023 жылы “Легиямен” ойнаймыз. Сол ойыннан “Коджаэлиспордан” ұсыныс келді. Бірақ олардың ақшасы аз болып, сатып ала алмайтын болды. Екі жылға 40 мың еуроға келісімшарт ұсынды. Басшыларымен сөйлесіп, келістік. Бірақ, “Ордабасымен” жарты жылға келісімшарт болды. “Коджаэлиспор” маған үй, көлік дайындап қойған, теу келсең болды деді. Мен “Ордабасымен” сөйлесейін дедім. Клубтың басшыларына барып “Менде енді мұндай мүмкіндік болмайды ғой, 33 жасымда кім маған екі жылға келісімшарт береді. Шетелге барайын, өзімнің күшімді көрейін” дедім. Түсінгендей болды, бірақ сол кездегі әкім мені жіберуге дайын болмады. Өйткені, ол клуб чемпиондыққа таласып жатты. Мен гол салып жаттым. Оларды да түсінемін, 1 жылдық келісімшарт бар, міндеттерім бар. Солай 1-2 рет сұрадым, жібермегеннен кейін қалып қойдым. Әттеген-ай, сол кезде жіберсе, қазір Түркияда премьер лигада ойнап жүрер едім. Сол өкініш бар. 2013-2014 жылдары Түркияға бірінші лигаға шақырды. Бірақ, ол кезде жас болдым. Енді үйленіп, бір балалы болып, аяққа тұрып жаттық. Тілдік барьерден де қорықтым-ау. Қорықпай сол кезде кете бергенде басқаша болар ма еді деген ойдамын. Осындай екі өкініш бар”, — дейді ол.

Айта кетейік, биылғы жылдың 9 маусымында “Астана Аренада” өткен Солтүстік Македонияға қарсы ойында 0:1 есебімен жеңілгеннен кейін Асхат Тағыберген Қазақстан құрамасы сапынан кеткенін мәлімдеген еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары