"Талдықорға халқы мен барша жанкүйерлерге алғысым шексіз".
Самат Смақов "Жетісу" футбол клубының бас бапкері қызметінен кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақстан футболының аңызы бұл туралы Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
"Құрметті Жетісу облысының тұрғындары мен футбол сүйер қауым. Бас бапкер қызметін аяқтай отырып, осы уақыт аралығында маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткен жандарға алғысымды айтқым келіп тұр". - деп жазды Смақов.
Оған қоса бапкер өзіне қолдау білдірген облыс әкімі мен спорт басқармасының өкілдеріне алғысын жеткізді. Сондай-ақ клуб басшылығы мен барша қызметкерлерге рақметін айтты.
"Талдықорға халқы мен барша жанкүйерлерге алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңызды әр ойын кезінде сезіндік. Сіздер өз алаңымызда да, сырт алаңда да біздің күшіміз болдыңыздар", - деп жазды ол.
Маман "Жетісу" футбол клубында қызмет ету өзі үшін үлкен мәртебе болғанын жасырмады.