21.11.2025, 12:00

Қазақ боксшысы әлем кубогының финалында өзбек боксшысын жеңді

Фото: ҚБФ

Осы нәтижемен Қазақстан құрамасы жарыстағы өнерін аяқтады.

Үндістанның Дели қаласында бокстан Әлем кубогының финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Шешуші кезеңге шыққан қазақстандық боксшы Сұлтанбек Айбарұлы өзбекстандық қарсыласы Жасурбек Юлдошевті 4:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды.

Осы нәтижемен Қазақстан құрамасы жарыстағы өнерін аяқтады. Команданың қоржынында жалпы сегіз медаль бар: бір алтын, бір күміс және алты қола.

Нью-Делиде өткен World Boxing ұйымының соңғы кезеңінде 85 келіге дейінгі салмақта өткен тартысты жекпе-жекте Айбарұлы үш раунд бойы айқын мінез танытып, төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетті.

Әлем кубогына Қазақстан атынан барлығы 13 боксшы қатысты: сегізі — ерлер құрамасынан, бесеуі — әйелдер құрамасынан. Жалғыз алтын медальді елге Сұлтанбек Айбарұлы сыйлады.