24.12.2025, 17:40

«Жасың өтіп кетті»: Әлем чемпионы Назым Қызайбай мұңын айтты

Фото: Richard Pelham/Getty Images

Даңқты боксшы 2024 жылы Париж Олимпиадасында жеңіп алған қола жүлденің оңай келмегенін айтып, сол жолда көптеген кедергілер мен сынақтардан өткенін жеткізді.

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай жанкүйерлеріне әсерлі жазба арнады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Даңқты боксшы 2024 жылы Париж Олимпиадасында жеңіп алған қола жүлденің оңай келмегенін айтып, сол жолда көптеген кедергілер мен сынақтардан өткенін жеткізді.

Оның айтуынша, тіпті "жасың өтіп кетті" деп күмән келтіргендер де болған.

“Бүгін бір сәтке өткенге оралдым… Олимпиададағы сол күн, сол сезім, сол эмоциялар. Қанша жол, қанша сынақ артта қалғанын осы суретке қарап тағы бір рет сезіндім. Бұл сурет жай ғана қола медаль емес. Бұл сенімсіздікке, сөздерге, күмәнге берілмей өткен жолдың дәлелі. Лицензиялық турнирге дейін көп адам “жасың өтіп кетті” деді. Бірақ менің арманым үшін қанша еңбек етіп жүргенімді ешкім білмейді. “Лицензия ұта алмайды”, “ұтса да бірінші жекпе-жекте жеңіледі” дегендердің бәріне жауап нәтиже", – деді Назым Қызайбай.

Сондай-ақ спортшы өзгелердің сөзіне ермей, арман мен мақсаттан бас тартпауға шақырды.

"Мен ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емеспін. Көп адам сенбеді, бірақ мен өзіме сендім. Айналадағы сөз маңызды емес. Жүрегіңді тыңда. Сені сынаса да, төмендетсе де өз жолыңнан тайма. Мен бәрін көріп жүрмін, бәрін білемін. Жай ғана өз ісімді істеп келемін. Алла маған мұның бәрін берді, себебі мен ешкімге жамандық тілемеймін. Маған жаман сөз айтқандарға да тек жақсылық тілеймін. Сен. Еңбек ет. Сабыр сақта. Нәтиже өзі сөйлейді”, –  деді боксшы ару.